Жұмысшы мамандар жылы, ЖИ, футбол, салық. Baribar.kz 2025 жылы болған айтулы оқиғаларды еске түсіріп, жылан жылын қорытындылады.
Жұмысшы мамандар жылы
Биылғы жыл президент жарлығымен Жұмысшы мамандар жылы деп аталды. Бұл олардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру үшін жасалды.
Елімізде «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы шықты. Бағдарламаға 3 қарашадан бастап Отбасы банкінің филиалдарында өтінім қабылдана бастаған. Банкке жұмыс орнынан анықтама да апару қажет.
24 желтоқсанда Жұмысшы мамандар жылының қорытынды жиыны өтіп, еңбек адамдары марапатталды.
Заңға енген өзгерістер
16 қыркүйектен бастап қылмыстық заңнамада азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгеріс күшіне енді. Қылмыстық кодексте сталкиңге қатысты жаңа 115-1-бап енді. Сталкиң деген — зорлық-зомбылықсыз жүйелі түрде жәбірленушінің ізінен қалмау. Жаңа заң бойынша, сталкиң жасаған адамға 2000 АЕК дейін (шамамен 7,86 млн теңге) айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандықты шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Енді дәрігерді ұрып-соққандар қылмыстық жауапқа тартылады. Қылмыстық кодекске медицина мамандарын қорғауға арналған жаңа 380-3-бап енді. Дәрігерге күш қолданған адам денсаулыққа және өмірге қауіп төндірмесе де 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 600 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі. Тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал денсаулыққа зиян келтірсе үш-жеті жылға қамалады.
ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынды
Сенат Қазақстан аумағында ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң қабылдады. Бұл құжат екі қаралымда да жаппай мақұлданды. Бұл мәселе аясында Алматыда азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар қатысқан «Ұлтқа балта шабар ЛГБТ ұйымдардың насихатына жол жоқ!» деген баспасөз конференциясы өтті.
Ал басқа белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл буллиңге, депрессияға немесе оқшаулануға тап болған жастар ақпарат пен қолдаудан айырылатынын айтып отыр. Өйткені ЛГБТ тақырыбындағы кез келген ақпарат «насихат» деп бағаланып, әркімнің өзінше түсінуіне жол ашады.
ЛГБТ-ны насихаттаған адам 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 тәулікке қамауға алынады.
Тұрғын үй алу мүмкіндігі
3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларына, 14-26 наурыз аралығында «Алматы жастары» бағдарламасы аясында тұрғын үй несиелерін алу бойынша өтініштер қабылданды.
Бизнес пен ғарыш
13 тамыздан бастап Starlink компаниясы Қазақстан аумағында ресми түрде спутниктік интернет қызметін ұсына бастады. Starlink ресми сайтындағы ақпарат бойынша, ай сайынғы абоненттік төлем — 23 мың теңге. Қызметті қосу үшін арнайы қабылдағыш құрылғы сатып алу қажет.

8 қазанда Blue Origin компаниясы New Shepard зымыраны арқылы 36-рет туристерді ұшырып келді. Солардың бірі ғарышқа турист болып ұшқан алғашқы қазақ әйел Дана Қарағұсова болды.

Метро мен LRT
Биылғы атышулы мәселенің бірі Алматыдағы метро мен Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылысы болды. Мамандардың айтуына қарағанда, Алматыдағы «Қалқаман» метро станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Объектіні 2026 жылдың алғашқы жартысында рельске шығару жоспарланған.
Ал Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесіндегі сынақ жұмыстары бір-екі айдан кейін толық бітеді. Жоба жұмыс режимінде іске қосылады.
Маңызды күндер мен мәдениет
- 2025 жылы Ата Заңның 30 жылдығы атап өтілді. Қазақстан Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған еді. Содан бері оған ал рет өзгеріс енді.
- Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамырда ел халқын Жеңіс күнінің 80 жылдық мерейтойына құтты болсын айтты. Мерейтой әр өңірде атап өтілді.
- Биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы өтті. Атаулы күн ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енді. Baribar.kz композитор тұрған үйге барып, фоторепортаж жасаған еді.
- Ал Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Рим қаласында ұлы ақынның ескерткіші орнатылды. Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті.
- Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл болды. Батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы енді ғана берілді.
БЖЗҚ пайдалану ережесі
Денсаулық сақтау министрлігі биыл зейнетақы жинақтарын стоматология қызметтеріне ғана емес, офтальмология үшін де пайдалануға тыйым салды. Алайда азаматтар зейнетақы жинақтарының артығын
-
орфандық ауруларды емдеу;
-
реконструкциялық және қалпына келтіру операциялары;
-
радионуклидтік және радиойодтерапия;
-
радиохирургиялық ем;
-
протон терапиясына пайдалана алады.

Салық туралы заңға өзгеріс енді
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне шілде айында қол қойды. Жеке табыс салығының (ЖТС) прогрессивті мөлшерлемесі енді. Жылдық жалпы табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтарға 15% салық мөлшерлемесі қолданылады. Сол сияқты дивиденттері мен табыс көлемі жылына 230 мың АЕК-тен асатын кәсіпкерлер осындай мөлшерде салық төлейді. Ал фермерлердің осы межеден асатын табысына бұрыннан сақталған 70% жеңілдікті есепке ала отырып, 4,5% салық салынады.
Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10% акциз түрінде салық салынады.
Жасанды интеллект министрлігі құрылды
2024 жылы Қазақстан Ұлттық жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат 2029 жылға дейінгі құқықтық және стратегиялық негізді қамтиды. Қазір бұл тұжырымдаманы AI стратегиясына айналдыру жұмысы жүріп жатыр.
Нақтыласақ, Қазақстанда жасанды интеллект министрлігі құрылды. Оны Жаслан Мәдиев басқарып отыр. Президент ЖИ саласына маманданған зерттеу университетін ашуды тапсырды. Ал Google компаниясы өзінің ең озық жасанды интеллект моделі — Gemini жүйесіне қазақ тілін қосты. Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім беру саласына жасанды интеллекті енгізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Енді ол мектепке де енетін болды.
Шерзат соты
2025 жыл бірқатар резонанс тудырған сот процестерімен есте қалды. Жыл басында халық Талғарда болған қанды оқиғаға қатысты сот процесін тікелей эфирден көрді. Ол қоғамда қызу талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кетті. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
2025 жылғы 5 маусым күні Талдықорған сотында судья Ержан Жанұзақов кісі қолынан қаза болған Шерзат Болаттың өліміне қатысты тоғыз күдіктіге үкім оқыды. Олар жеті жылдан 23 жылға дейінгі аралықта сотталды. Сотталғандар қаза болған жасөспірімнің отбасына 120 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
«Перизаттың» мүлкі
Биыл бір емес, бірнеше қайырымдылық қорының былығы әшкере болды. Жыл басында су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесем деп халықтан ақша жинап, сосын оны жымқырған Biz birgemiz қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот болып, оларға жаза тағайындалды.

Айыпталушыларға қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша айып тағылған:
- 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ – «Өте ірі мөлшердегі алаяқтық»;
- 218-бап, 2-бөлім, 1-тармақ – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)»;
- 218-бап, 3-бөлім, 3-тармақ – «Өте ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) адамдар тобы тарапынан жасалған.»
25 шілде күні елорда соты Перизат Қайраттың дүние-мүлкін тәркілеп, өзін 10 жылға, анасын жеті жылға бас бостандығынан айырды. Бұл үкім соттағы негізгі тыңдау аяқталғаннан кейін шықты. Перизат Қайраттың бар мүлкі аукционда сатылды.
Ілияс пен Ақтотының «қайырымдылығы»
Ал жыл ортасында «Қазақтың Робин Худы» деген атпен танылған «Елге көмек» ұйымының басшысы Ілияс Сариев пен MM Travel турфирмасының басшысы Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процестері болды.

Тамыз айында Алматыдағы Алмалы аудандық сотында науқас балалардың туыстары куәлік берген. Олар Ілияс Сариевке емделуге қаражат жинау үшін көп ақша аударған.
Ақтоты Дүйсеева Ілияс Сариевпен бірге туристік агенттікті 2023 жылғы қаңтарда бірлесіп ашқанын айтты. Сотта ол Сариевтің компания қаражатын құмар ойын ойнауға жұмсағанын мәлімдеді.
Ілияс Сариев бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 3 жыл 8 ай мерзімге соңғы жаза тағайындалды.
MM Travel туристік компаниясының басшысы Ақтоты Дүйсеева 3 жыл мерзімге сотталды. Ол жазасын баласы 14 жасқа толғаннан кейін, яғни 2028 жылдан бастап өтейді.
«Қайрат» ФК жарқыраған жыл болды
Алматылық «Қайрат» футбол клубы 26 тамызда плей-офф кезеңінде сенсациялық түрде «Селтикті» жеңіп, өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі бөлігіне жолдама алды. Елімізге қазан айында «Реал Мадрид» келіп, «Қайратпен» ойнады. Ойын мен оның қымбат билеті әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

«Қайрат» 2025 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде мына командалармен ойнады:
- 18 қыркүйек 2025 — Қайрат vs «Спортинг» (Лиссабон, Португалия), 1:4 (Қайрат жеңілді);
- 30 қыркүйек 2025 — Қайрат vs «Реал Мадрид» (Алматы, Қазақстан), 0:5 (Қайрат жеңілді);
- 21 қазан 2025 — Қайрат vs «Паффос» (Алматы, Қазақстан), 0:0 (тең ойын);
- 05 қараша 2025 — Қайрат vs «Интер Милан» (Милан, Италия), 1:2 (Қайрат жеңілді);
- 26 қараша 2025 — Қайрат vs «Копенгаген» (Копенгаген, Дания), 2:3 (Қайрат жеңілді);
- 09 желтоқсан 2025 — Қайрат vs «Олимпиакос» (Астана, Қазақстан), 0:1 (Қайрат жеңілді)
- 2026 жылғы 20 қаңтар күні Астанада бельгиялық «Клаб Бругге» командасымен, ал 2026 жылғы 28 қаңтарда Лондонда ағылшынның «Арсенал» командасына қарсы ойнайды.
Нәтиже мынадай:
- Қазақстан премьер лигасында «Қайрат» 1-орында тұр.
- UEFA клубтық рейтиңінде шамамен 153-орында.
- Чемпиондар лигасының топтық кезеңде соңғы орындардың бірінде тұр.
2008 жылы туған үздік футболшы
«Қайрат» клубының ойыншысы Дастан Сәтбаев 2008 жылы туған үздік бес футболшының қатарына енді. Шебер ойынымен көзге түскен жігітті «Челси» 4,3 млн еуроға сатып алған. Келісімшарт 2026 жылы, Дастан 18 жасқа толғанда күшіне енеді.

Футболдан ұлттық құрама
Тек «Қайрат» емес, еліміздегі футболдың жалпы ахуалына тоқталсақ, ұлттық құраманың жеткен жетістігі де аз емес. Қазір ұлттық құрама UEFA 2025 рейтиңінде 136 орында тұр. Ұлттық құраманың соңғы ойындары:
- 10 қазан Астанада Лихтенштейн құрамасы мен Қазақстан құрамасы кездесті. Қазақстан футболшылары қарсыласын 4:1 есебімен ойсырата ұтты.
- 13 қазан «Тоше Проески» стадионында өткен ойында Солтүстік Македония мен Қазақстан құрамалары кездесті. Ойын 1:1 есебімен аяқталды.
- 17 қараша Қазақстан құрамасы өз алаңында Бельгия ұлттық құрамасымен ойнады. Кездесу 1:1 есебімен тең түсті.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуына қарағанда, кәсіби футбол клубтары 2026 жылғы наурызға дейін толық жекеменшікке өтеді деп жоспарланды. Мысалы, «Шахтёр» футбол клубын кәсіпкер, филантроп Тимур Турлов сатып алды.
Геннадий Головкин World Boxing президенті болды
Биыл Геннадий Головкин World Boxing президенті болды. Ол — тарихта халықаралық спорт ұйымын басқаруға тағайындалған алғашқы Қазақстан азаматы. GGG Халықаралық бокстың даңқ залына да енеді. Головкин бұл залда есімі жазылатын алғашқы қазақстандық боксшы болмақ.

Теннис
ATP Almaty Open турнирін әлемдегі ең үздік турнирлердің бірі деп шешті. Ұйымдастыру мен қызмет көрсету деңгейінің жоғары болғаны үшін Standards of Excellence деген марапат алды. Турнирдің бас жүлдесін Ресей теннисшісі Даниил Медведев жеңіп алды.

Елена Рыбакина Цинциннатиде (АҚШ) өткен WTA-1000 турнирінде әлемнің бірінші ракеткасын жеңген еді. Соның арқасында әлемдегі ең көп табыс табатын топ-15 спортшы әйелдің тізіміне енді.
Мәдениет
- Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды. Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтті. Ал Қазақстанда Вьетнам халқының мәдени күндері ұйымдастырылды.
- Қазақстанның халық әртісі, әлемге әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы шығармашылық жолының 30 жылдығына орай Париждегі әйгілі Гәвул залында жеке концертін өткізді.
- Иманбек «Құрмет», ал Еркебұлан Тоқтар «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын алды.
- Жеки Чан жаңа «Доспехи Бога: Ультиматум» фильмін Қазақстанда, Маңғыстау облысында түсіретін болды. Қазақстандық Роберт Кун фильмінің режиссеры және экшн-сахна қоюшысы болады. Белгілі актер, продюсер Рүстем Омаров та фильм актері, әрі сценарисі болады.

Әнші Димаш Құдайберген биыл шілде айында Қырғызстанның Халық әртісі атағын алды. 8 желтоқсан күні Женевада жыл сайынғы БҰҰ халықаралық сессиясында ізгілік елшісі болды.
Білім беру
Үкімет қаулысымен оқу-ағарту министрлігінің функциялары кеңейді. Министрлік білім беру бағдарламалары мен қабылдау тәртібін өзі бекітеді. Оның алғашқы мысалы: енді докторантураға түсу үшін ағылшын тілін білу міндет емес. Бұл туралы мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Әлемдік поп-мәдениет жұлдыздары Қазақстанға келді

2025 жылы Қазақстанда Jennifer Lopez пен Backstreet Boys концерттерінің өтуі жылдағы ең көп талқыланған қоғамдық-саяси оқиғалардың біріне айналды. Бұл гастрольдер алғашында жай ғана концерт деп қабылданды. Аз уақыт ішінде мемлекеттік имиж, мәдени-саясат тақырыптармен тығыз байланысып кетті. Бұл концертке әлемнің 35 елінен 7 мың турист келіп, бюджетке 600 миллион теңге көлемінде салық түскен.
