Аблахат Мергенбаев, заңгер, «Отбасы мүддесін әділ қорғау» ұйымының директоры:

Тәрбие мен күш көрсетудің ара-жігі ажыратылуы керек

заңгер
Аблахат Мергенбаев. Фото жеке архивінен

Аблахат Мергенбаев заңгер әрі азамат ретінде баланы ұруға, соғуға, оған күш көрсетуге қарсы. Бірақ мемлекет отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заңды қабылдамас бұрын ондағы біраз аспектіні реттеуі керек деп есептейді.

«Заңда физикалық зорлық-зомбылық деңгейі көрсетілмеген. Ата-ана баласына тәрбие беру кезінде дауыс көтеруі, бұрышқа тұрғызуы немесе жамбасынан ұруы мүмкін. Мұндай жағдайдың барлығын физикалық күш көрсету деп санау — әбестік. Ішкі істер қызметкерлері осы тектес шағын деректі бірнеше мәрте тіркесе, түбінде ересектерді ата-ана құқығынан айырып тастауы ғажап емес. Бұл — аса мұқият болуды талап ететін дүние. Меніңше, күш көрсету мен тәрбиелеу мақсатындағы шараның ара-жігі ажыратылуы керек. Әрине, жаңалықтарда көрсетіліп жатқандай, баланы әдейілеп соққыға жықса, сабап жатса немесе арақ пен нашаға әуестеніп, баланың мектепке баруына жағдай жасамаса, ол адамға тиіс жаза берілуі қажет», — дейді «Отбасы мүддесін әділ қорғау» ұйымының директоры.

Адвокаттың айтуынша, заңда мүгедектігі бар балалардың жағдайы мүлдем қарастырылмаған. Сонымен бірге ол жоба дәл қазіргі қалпында қабылданған жағдайда жаңа қылмыс түрі пайда болуы мүмкін екенін айтады.

Баланың үшінші тарапқа беріліп кету қаупі пайда бола ма деп қорқамын. Мысалы бір жағдай болды, соның нәтижесінде ересектер ата-ана құқығынан айрылды, ал мемлекет баланы тартып алды делік. Сәйкесінше ол кәмелет жасқа толмағандарға арналған бейімделу орталығына, балалар үйіне жіберіледі. Онда барған баланы басқа біреудің асырап алып кетпесіне кім кепіл?! Осы тұста ата-ананы толық құқығынан айырмай, уақытша шара қолдану мәселесін қарастырған жөн. Қатесін түсінген ата-анаға қайта мүмкіндік берілгені дұрыс, — дейді заңгер.

Оның айтуынша, жобада ажырасқан ата-ананың құқығы да сақталмаған.

Ата-анасы ажырасып кеткен соң бала анасымен қалды делік. Физикалық, психологиялық немесе экономикалық қысым көрсеткені үшін анасын құқығынан айырса, бала әкесіне де берілмейді екен. Неге екені белгісіз. Осы тұста өзгеріс енгізген дұрыс. Бала ажырасқан ата-анасының бірінен қысым көрсе, екіншісінің қамқорлығына автомат түрде өтуі керек. Ал ата-ана бас тартып жатқан жағдайда қараусыз қалған баланы мемлекет уақытша өзіне алғаны жөн, — дейді Аблахат Мергенбаев.

Дерек. БҰҰ Балалар қорының статистикасына сүйенсек, ата-ананың баланы ұрып жатқанына куә болғандардың 26%-і бұл жағдайды отбасының ішкі мәселесі санап, араласпауды жөн көреді. Ал 63%-і физикалық қысым көрген балаға көмек беруге тырысады. Дегенмен оның тек 34%-і баланы ұрған ересектің үстінен іс қозғайтынын айтып, қорқытуға тырысса, 24%-і полицияға хабар береді екен.

Елжас Ертайұлы, педагог, отбасы кеңесшісі:

Жаңа заңға түбегейлі қарсы болу — тұрмыста зорлық-зомбылық көріп жатқандарды қорғаусыз қалдыру

Елжас Ертайұлы
Фото жеке архивінен

Педагогтың айтуынша, отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа заң — қоғамда болып жатқан оқиғалардың нәтижесінде туған қажеттілік. Оған әлеуметтік желілерде, жаңалықтар порталында тарап жатқан бейнероликтер дәлел.

«Бұған дейін тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан әйелдер мәселесі жиі айтылатын. Ал Қазығұрттағы әкенің баласын аямай ұруы, көршінің затын рұқсатсыз алғаны үшін анасы қызын «тәрбиелік» мақсатта қыста далаға шығарып жіберуі елде зорлық-зомбылықтың белең алғанын және қандай да бір шара жасалауы керек екенін көрсетті. Уәж айтушылар зорлық-зомбылыққа қарсы заңның онсыз да бар екенін алға тартады. Дегенмен ол заң әйел мен бала құқығын жеткілікті деңгейде қорғай алмай отыр. Сондықтан халық арасында талқыға түскен жаңа заңның зорлық-зомбылық бөліміне түбегейлі қарсы болу дұрыс емес деп ойлаймын. Ол әрекетімізбен қысым көрген жандарды қорғаусыз қалдырамыз», — дейді Елжас Ертайұлы.

Маманның пікірінше, заң жобасында физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың қарастырылғаны орынды. Дегенмен ата-ана құқығынан айыру пунктінің орнына альтернатив жаза ұсыну керек деп санайды.

Агрессорға қатысты жаза түрі қатаң болуы керек. Психиатриялық орталыққа жатқызу; зиян әдетке әуес болса, арнайы орталықта емдеу; еңбекке тарту, қамау сияқты шараларға жүгіну керек. Бірақ баланы ата-анасынан айыру батыс елдерінде қалыпты болғанымен біздің қоғамға жат. Себебі бұл қазақы менталитет пен ислам дініне қайшы. Ата-ана құқығынан айыру пунктінен гөрі зорлық-зомбылық жағдайы болған отбасыға көмек беруді ойластырған дұрыс. Мұндай әрекетке итермелеген нақты себепті анықтап, шешу жолын қарастырып, материалдық және психологиялық қолдау көрсеткен абзал. Ал баланы ата-анасынан айырып, кейін оны қайда апаратынын және ол жаңа ортада да зорлық-зомбылыққа ұшырамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне елде жемқорлықтың көп екенін ескерсек, ереженің бәрі заңда жазылғандай сақтала бермейтінін түсінуіміз қажет, — дейді педагог.

Алайда Елжас Ертайұлы заңда көрсетілген экономилық зорлық-зомбылық бөліміне келіспейді.

Экономикалық зорлық-зомбылық біздің елге сәйкес келмейді. Ол категорияны енгізу үшін халыққа соған лайық жағдай жасалуы керек. Батыс елдері сияқты әр балаға 15 шаршы метр орын беру керек деген шарт қойылса, «ұлы дала квартиранттары» болып жүрген Қазақстан азаматтарына баспана берілуге тиіс, — дейді отбасы кеңесшісі.

Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шешудің ең тиімді жолы — адам санасын өзгерту дейді.

Қатаң заң — зорлық-зомбылық көрсетушілерге сес көрсету мақстында жақсы құрал. Бірақ адам санасы өзгермей, бұл проблема шешімін таппайды. Өкінішке қарай, көбі ұрып-соғуды тәрибелеудің қалыпты тетігі деп санайды. Осы түсінікті жою үшін мемлекеттік жобаларды қолға алу керек. Ата-анаға жазасыз тәрбиені насихаттау қажет, — дейді Елжас Ертайұлы.

Жанна Сейітқалиева, психолог:

Біздің елде отбасы институты қалыптаспаған

психолог
Жанна Сейітқалиева. Фото жеке архивінен

Психолог Жанна Сейітқалиеваның айтуынша, жаңа заңның мақсаты айқын болғанымен орындалуы мен ережелері әлі күнге шикі.

«Өкінішке қарай, баласын белдікпен ұрып, физикалық және психологиялық жарақат келтіріп жатқан ата-аналар бар. Әрине, “тәрбие беру — өз шаруам” деп баланың жеке шекарасын бұзып, психологиялық жарақатқа ұшырататын жандарға шара қолданылуы керек. Осы жаңа заң жобасы да сол мақсатта қолға алынып жатқаны түсінікті. Мақсаты айқын болғанымен оның орындалуы, ережесі шикі. Білуімше, бұл заң Еуропа елдерінің тәжірибесінен алынған. Бірақ оны Қазақстан қоғамына ыңғайламай, түпнұсқа түрінде көшіре салуды қате деп есептеймін. Өйткені жаң заң жобасы ең әуелі «үлкенге — құрмет, кішіге — ізет» деген этнопсихологиямызға қайшы», — дейді маман.

Психолог Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заңмен танысып шыққан. Оның айтуынша, құжаттағы ата-анаға берілген кей жаза түрлері ақылға қонымсыз.

Ата-ана баланы тәрбиелеу кезінде шапалақпен бір ұрған жағдайда 500 АЕК (1 АЕК = 2917 теңге) және 500 сағатқа (20 күн 20 сағат) бас бостандығынан айыру және психиатриалық диспансерде емдеу сияқты шаралар қолданылады екен. Меніңше, бұл жаза түрі өте қатаң әрі ата-ананың құқығын таптау, — дейді Жанна Сейітқалиева.

Психологтың айтуынша, мемлекет бұл заңды қабылдамас бұрын отбасы мүшелерімен жүргізілетін профилактика жұмысына баса назар аударуы керек. Себебі Қазақстандағы көп ата-ана мен бала өз құқығы мен міндетін толық білмейді.

Осы кезде «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз ойыма келіп тұр. Жазалау тәсілінің орнына проблеманың алдын алу шараларын неге қарастырмаймыз? Осы нәрсе маған түсініксіз. Әр ата-ана баласына тек жақсыны тілейтіні рас. Дегенмен біздің елде отбасы институты қалыптаспағанын мойындауымыз керек. Ересектерге балаға көңіл бөлу, үйде жұмысты емес, баланы ойлау керек екенін түсіндіруіміз қажет.

Жанна Сейітқалиева қазіргі балалар өте сезімтал екенін алға тартады. Сол үшін ата-аналарға қатаң тәрбие түріне жүгінбеуге кеңес береді.

«Әр ата-ананың бала тәрбиесі кезінде қолданатын өз тәсілі бар. Кейбірі теріс (минус) әдіспен, яғни критика, қатаң дисциплина арқылы тәрбиелеуді жөн көреді. Енді бірі оң (плюс) әдіспен тәрбиелейді. Қазіргі Z ұрпақ балалары өте сезімтал, ақылды әрі зерек болып келеді. Мұндай жеткіншектер қатаң тәрбие кезінде бірден сынып кетеді. Соның кесірінен суицидке, клептоманияға баруы, энеруз пайда болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі ата-анаға оң әдіспен тәрбиелеуді үйрету керек.

Дегенмен бұл жерде біз ата-ананы толық кінәлай алмаймыз. Себебі олар бала кезінде көргенін жасайды. Олардың миында негатив бағдарлама бар. Соны автомат түрде қайталайды. Бірақ бұл мәселені профилактика жұмыстары арқылы шешуге болады. Ата-анаға қазіргі балалармен тең дәрежеде сөйлесу керек екенін ұғындыру қажет. Себебі дүниеге келген әр адам — жеке тұлға. Сәйкесінше, бала — ата-ананың жеке объектісі, құралы емес, адам», — дейді маман.

Оның пікірінше, балаларға үшінші тараптан қандай жағдайда көмек сұрау керек және құқығын қалай қорғау керек екенін үйреткен дұрыс.

Бала өз құқығын, тәрбиелеу мен зорлық-зомбылық түрін ажыратуды білгені абзал. Қазір бұл заң қабылданса, балалар бұрышқа тұрғаны, бір шапалақ тигені үшін органдарға хабарласуы мүмкін. Бұл — дұрыс емес. Оларға әке-шешесі бей-берекет қол көтерсе және бұл әрекетті жиі қайталаса, көмекке жүгінуі қажет екенін түсіндірген дұрыс. Қорыта айтқанда, мемлекет ең әуелі отбасы психологиясымен жұмыс істеуі қажет. Барлық ата-ананың психологтарға барып, консультация алуға шамасы жетпейді. Сол себепті тым болмаса мектептегі ата-ана жиналысында психология курстарын тегін өткізген, сол секілді тағы басқа шараларды ойлап тапқан жөн деп есептеймін. Сосын барып заңды әр тарауын саралап, зерттеп, бекіткен абзал, — дейді Жанна Сейітқалиева.

Дерек. БҰҰ Балалар қоры бала құқығы мәселесімен айналысатын мамандардың арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, олардың 71%-і балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен ата-аналар туралы полицияға хабарлау керек екенін айтады. 64%-і мұндай істер сотта қаралуы керек деп есептесе, 71%-і балаға физикалық күш көрсететін ата-аналарға психологиялық консультация керек деген екен.