Басты бет / Жаңалықтар /
Домбыра Фото: Фото: Мұрат Жүнісұлы
Фото: Фото: Мұрат Жүнісұлы

Арқалықта 1000 домбырашы бір мезетте күй орындады

Ұлттық домбыра күні мен Арқалық қаласының 70 жылдығына орай Арқалықта «Күй құдіреті – домбыра мен қобыз!» атты ауқымды рухани кеш өтті. Іс-шара ұлттық өнерді дәріптеп, қазақтың дәстүрлі музыкасының құдіретін насихаттауға арналды.

Кеш барысында домбыра мен қобыздың қоңыр үні көрерменге ерекше әсер сыйлап, халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мәдени мұрасының маңызын айшықтады. Сахнада халық күйлері орындалып, ұлттық өнерпаздардың өнері көпшілікке ұсынылды.

Салтанатты іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлттық домбыра күнімен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз» деп атап өтті. Ата-бабамыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Президенттің Торғай өңірінің дамуына қатысты берген тапсырмасына сәйкес бүгінде Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың бастамасымен Арқалық қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Бақытжан Нарымбетов
Бақытжан Нарымбетов

Мерекелік кештің шарықтау сәті – мың домбырашының бір мезетте күй орындауы болды. Арқалық аспанын күй әуені тербеп, көрермендер ерекше рухани әсерге бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара қала мерейтойы мен Ұлттық домбыра күнінің басты мәдени оқиғаларының бірі болды.

Айта кетейік, Арқалық қаласы 1956 жылы іргесі қаланып, биыл өзінің 70 жылдығын атап өтуде. Мерейтой аясында өңірде мәдени-көпшілік және рухани іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram