Не болды?
3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларына қосымша өтінім қабылдана бастайды. Бұл туралы Отбасы банк хабарлап отыр.
Мәлімет
Белгіленген талаптарға сай болса, бағдарламаға барлық азамат өтінім бере алады. Қатысудың негізгі шарты – кейінгі бес жыл ішінде өтінім беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы керек.
Ипотека шарттары
Шарт мынадай:
-
Бастапқы жарна: таза әрлеуі бар жаңа тұрғын үй үшін – кемінде 10%, екінші нарықтағы тұрғын үй үшін – кемінде 20%.
-
Пайыздық мөлшерлеме: әлеуметтік осал топтар үшін – 7%, қалғандары үшін – 9%.
-
Несие мерзімі: 19 жылға дейін.
-
Несие сомасы: өңірлерде – 30 млн теңгеге дейін, Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге дейін.
Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банктегі депозит мөлшері кемінде 2 млн теңге болуы және кейінгі алты айдағы ресми табыс расталуы қажет.
Астана, Алматы және облыс орталықтарында тек құрылыс компанияларынан жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Ал басқа өңірлерде – кез келген тұрғын үйге, соның ішінде екінші нарықтағы пәтерлер мен жеке үйлерді сатып алуға рұқсат етіледі.
Наурыз бағдарламасына өтінім банктің ресми сайтындағы Baspana Market бөлімінде онлайн қабылданады.
Өтінім берген соң…
Дерек пен жылжымайтын мүлік мәртебесі тексерілгеннен кейін қатысушылар балдық жүйе бойынша іріктеледі. Бағалау кезінде депозит көлемі, отбасы жағдайы, балаларының бар-жоғы, 35 жасқа дейінгі жас санаты және әлеуметтік осал топқа жататын-жатпайтыны ескеріледі.
«Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы да бар
Сол күні «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы бойынша да өтінім қабылдана бастайды. Бұл бағдарлама жұмысшы мамандық иесіне арналған. Өтінім Отбасы банкінің филиалдарында қабылданады. Банкке жұмыс орнынан анықтама да апару қажет.
