Қырғызстан Қазақстаннан жанар-жағармай жеткізуге қатысты ресми өтінім жолдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, қазір Қырғызстанның өтініші қаралып жатыр және оған жақын арада жауап беріледі.
Ресей тарапынан бізге ешқандай ресми сұраныс түскен жоқ. Ал Қырғызстан тарапынан ресми сұраныс келіп түсті. Біз оны қазір қарастырып жатырмыз. Жақын арада жауап береміз. Бірақ барлық шешім ұлттық мүдделерімізді ескере отырып қабылданады, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге жеткілікті жанар-жағармай қоры бар. Сонымен қатар ол ел ішінде жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.
Энергетика министрлігі экспортқа қатысты түпкілікті шешім елдің ішкі қажеттігі мен ұлттық мүдделерін ескере отырып қабылданатынын мәлімдеді.
