Биыл әйгілі күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Композитор Алматыда тұрған. Өмірінің көп бөлігін қазіргі Қонаев көшесіндегі 96-үйде өткізген. Биылғы наурызда дирижердың жары, актриса Дариға Тілендікеліні де қайтыс болды. Baribar.kz тілшілері дирижер мен актриса тұрған үйге барып қайтты. Бізге музейді жетекшісі Ақжан Оралбайқызы таныстырды.

Дирижер тұрған үйді кезінде Дінмұхамед Қонаев тапсырма беріп, салдырған. Нұрғиса Тілендиев үйдің үшінші қабатындағы осы пәтерге 1979 жылы көшіп келген. Астыңғы қабатта Бибігүл Төлегенова, үстіңгіде ақын Олжас Сүлейменов тұрған.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Нұрғиса Тілендиев музейінің сырты. Фото: Ерқанат Аманкел

Әр қабатта бір пәтер ғана бар. Әрқайсының көлемі — 169 шаршы метр.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел
Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Пәтер алты бөлмелі. Кіріп оң жаққа бұрылып, дәлізбен жүре бергенде Нұрғиса Тілендиев пен Дариға Тілендікелінінің жатын бөлмесіне жетеміз. Оң жақта айна мен орындық тұр. Бірден көзге түскені — дирижердың француз парфюмі. Бұл иіссуды бір кісі Нұрғиса ағаға Сирияда сыйлаған екен.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Дирижер бұл бөрікті Мәскеудегі бір съезге барғанында сатып алған. Мұны «Отырар сазының» алғашқы директоры Амантай Берікәлиев айтқан.

Бұрышта Дариға апаның қонаққа барғанда киген сәнді көйлегі тұр. Оны апа өмірден өткен соң қызы Дінзухра тапсырған екен.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Бұл — Тілендиев отбасының чемоданы. Жанында тұрған таяқты дирижер үйде, аулада ұстаған. Ал сыртта ұстайтындары басқа. Олар жұмыс бөлмесінде тұр.

Нұрғиса Тілендиев музейі, чемодан
Фото: Ерқанат Аманкел

Шкафтың үстіне гүлсауыт жинағы қойылған. 1980-2000 жылдары бағалы сыйлықтардың бірі гүлсауыт болған. Бұлар да сыйлыққа келген.

Нұрғиса Тілендиев музейі, гүлсауыт
Фото: Ерқанат Аманкел

Жатын бөлменің жиһаздары Беларусь Республикасынан алынған.

Бұл бөлмеден шыққанда оң жақта Нұрғиса мен Дариғаның жалғыз баласы — дирижер, Тілендиев атындағы «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінің жетекшісі Дінзухраның бала күнгі бөлмесіне тап болдық. Алайда бұл жер сол күйі сақталмаған. Музей әкімшілігі реэкспозиция кезінде мультимедиа орталығына айналдырған. Музейге келгендер кіріп, видео көріп, аудио тыңдайды.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Дәліздің бір жақ беті Тілендиев басқарған уақыттағы «Отырар сазы» оркестрінің афишасына толыпты.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Негізі «Отырар сазын» музыкатанушы Болат Сарыбай ашқан. Ол қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жинаған. Бір жолы ежелгі Отырар қаласынан саздан жасалған құстың жұмыртқасына ұқсайтын аспап тауып алған. Зерттей келе, бұл жанында түтікшелері бар сазсырнай аспабы болып шыққан. Болат Сарыбай аспаптар ансамблін құрғанда осы сазсырнай есіне түсіп, топты «Отырар сазы» деп атаған екен. Ал 1981 жылы топ Тілендиевке өтіп, ол ансамбльді оркестр деңгейіне көтерген.

сазсырнай, Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел
Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Нұрғиса Тілендиев 1968-81 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында музыка редакциясының бас редакторы болып істеген. Сонда жүріп «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» «Бетпе-бет» сияқты көптеген фильмнің әуенін жазған.

Дәлізді жүріп өтіп, қайтадан кіреберіске жеттік. Мұнда да әдемі гүлсауыттар тұр екен. Нұрғиса Тілендиев қолы ашық адам болған. Сыйлық болып келген гүлсауыттарды жұрттың қолына ұстатып жіберетін. Үйге әкелетіні сирек. Біреуге қатты сөйлеп қойса да, қымбат заттарды сыйлап жібере салады екен.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Үйге кіргенде оң жақта әдемі телефон бар. 1986 жылы шыққан.

Нұрғиса Тілендиев музейі, телефон
Фото: Ерқанат Аманкел

Әрі қарай жүріп, қонақ бөлмеге жеттік. Одан өтіп кетіп, тағы бір ұйықтайтын шағын бөлмеге кірдік. Нұрғиса Тілендиев жүрегі жұмсақ кісі болған дейді. Ауылдан жастар келіп, жатар орны болмаса, үйінде тұрғызып, осы бөлмеге жайғастырған.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Бұл — Тілендиевтің анасы Салиханың бала Нұрғисаға алып берген фортепианосы. Дирижер қайда көшіп барса да, осы аспапты тастамаған. Анасы бірнеше тілде ән салған әнші еді. Әкесінің аты — Тіленді. Құжатта Атабайұлы деп жазылып кеткен. Атабай — Нұрғисаның атасы. Осы Тіленді әкесі дәулескер күйші болған. Ұлы үш жасқа толғанда қолына домбыра ұстатқан. Әкесі ерте қайтып кеткен екен. Нұрғиса Тілендиев әкесіне арнап «Ата толғауы» күйін шығарған.

Оң жақта Нұрғиса мен Дариға Тілендиеваның ұлы Даниярадың бала домбырасы ілініп тұр. Данияр 25 жасында қайтыс болған.

Нұрғиса Тілендиев музейі, фортепиано
Фото: Ерқанат Аманкел

Тілендиевтің бес-алты домбырасы болған. Алайда қолы ашық болғандықтан, келген қонаққа сыйлап жебере берген.

Сол жақтағы шағындау келген баян Салиха апаныкі. Ол кісі бес тілде ән айтқан. Оң жақтағысы — композитордың аккардионы.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Тілендиев аңға шыққанды ұнатыпты. Оның дәлелі — мына қосауыз мылтық. Өзі аттың құлағында да ойнапты.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Бильярд ойнағанды да жаны сүйген. Қызына бильярд ойнауды да өзі үйреткен екен. Мына бұрышта тұрған кий композитордың бірінші санатты бильярдшы болғанын көрсетіп-ақ тұр.

Нұрғиса Тілендиев ақын Жамбыл Жабаевтың көзін көрген, ол кісіні пір тұтқан. Өмірінің соңында «мені Жамбыл атамның жанына жерлеңдер» деп аманаттап кеткен екен. Сондықтан әйгілі дирижер қазақтың көп атақты адам сияқты Кеңсайда емес, Іле ауданындағы қорымда, Жамбыл Жабаевтың қасында жатыр.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Шахматты да шебер ойнайтын. Қызы Дінзухрамен шахматты жиі ойнапты.

Нұрғиса Тілендиев музейі, шахмат
Фото: Ерқанат Аманкел

Бұл — қонақ бөлме. Мұнда қазақтың қаймақтары қонақ болған. Мұндағы жиһаздың бәрі Украинадан алынған.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Нұрғиса бес жасында үйінде домбыра шертіп отырады. Сонда әйгілі композитор, «Құрманғазы» оркестрін құрған дирижер Ахмет Жұбанов ауыл-ауылды аралап, музыкаға ебі бар балалар іздеп жүреді. Бір үйден өтіп бара жатып, домбыраның үнін естиді. Кіріп барса, кішкентай ғана бала домбыра шертіп отыр екен. Композитор баланың өнеріне тәнті болып, анасын тауып алып, ұлы Нұрғисаны Алматыға өнер мектебіне жіберуге көндіреді.

Нұрғиса Тілендиев музейі, Ахмет Жұбанов
Ортадағы Ахмет Жұбанов. Фото: Ерқанат Аманкел

Нұрғиса Тілендиев сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Бала күнінен боксқа қатысып жүргенде Жұбанов «бокс пен музыканың бірін таңда» деп шарт қояды. Бала Нұрғиса енді боксты тастайтынын, музыкаға ден қоятынын айтып, уәде береді.

Алайда уәдесінде тұра алмай, боксқа барып жүреді. Бір күні риңде бокстасып бола салғаны сол еді, қараса, қарсы алдында ұстазы Ахмет Жұбанов тұр екен. Ол кісі ләм-мим деместен, бұрылып кетіп қалыпты. Сонда бала Нұрғиса ұстазын қуып жетіп, кешірім сұрап, содан кейін бір жола музыкаға бет бұрған екен. «Құрманғазы» оркестірінің концертмейстері, кейін дирижеры болған.

Сол жақта тұрған гарнитураның ішінен әйгілі «Мадонна» сервизін байқап қалдық. Нұрғиса ата әлемнің 27 елінде болған. Әр елден әйеліне сыйлық әкеледі екен. Мына сервизді Дариаға апаға Германиядан әкеп берген. 72 адамға арналған. «Демек, мына қонақ бөлмеде шағын бір той адамын күткен екен» дестік. Қанша жыл өтсе де, сервиздің бір кетігі жоқ. Кеше алып келгендей жап-жаңа.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Қызы Дінзухра «анам осы сервиз салынған шкафтың кілтін жоғары қойып қоятын» дейді. Соған қарағанда апамыз өте ұқыпты болғанға ұқсайды.

Нұрғиса Тілендиев музейі
«Мадоннаны» ашатын кілт. Фото: Ерқанат Аманкел

Бөлменің оң жағында камод тұр. Нұрғиса атаның көзі тірісінде мұның үстінде теледидар тұрыпты. Дирижер үйдегі зат орны ауысқанын жақтырмаған көрінеді. Көзі кеткен соң барып, әйелі мен қызы үйін жөндеп, сол кезде мұндағы теледидарды басқа жерге қойыпты. Дегенмен үйді өзгертпеген, кілемдерге дейін сол кездегі.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Қонақ бөлмеден ас бөлмеге өттік. Жаздағы ең салқын бөлме осы болған екен. Ас бөлменің сол жағында гарнитура бар екен де, доға болып салынған оң жаққа үстел-орындық қойылыпты.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Ал қабырғаға үй ішінің суреті ілінген. Жапониядан әкелген Sony теледидары, астында кассета салатын «видик» тұр.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел
Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Бұл — Тілендиевтің мүсінін құмшекерден жасаған барельеф. Анықтап қарасақ, мұрнын біреу қолмен қазған сияқты. Сөйтсек, Дінзухра бала күнінде кішкене саусағымен қазып, «мұрнын» жеп қойған екен.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Мына тоңазытқыштың бетін Данияр мен Дінзухра толтырған. Сағыз алып, шайнап қойған соң, жапсырмасын тоңазытқыштың сыртына тізеді екен.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Ас бөлмеден шығып, қонақ бөлмеден өтіп, жұмыс бөлмесіне жеттік. Нұрғиса Тілендиев таңға дейін музыка шығарып, Дариға апаны ұйқысынан тұрғызып алып, тыңдатады екен. Түнде жұрттың мазасын алмас үшін музыканы басында шығарады екен. Рояль да ойнамайды, домбыра да тартпайды. Шығармасының бәрін нота дәптеріне түсіреді дейді.

Ақжан Оралбайқызы
Ақжан Оралбайқызы. Фото: Ерқанат Аманкел

Сол жақта өзі жазған әйгілі «Ата толғауы», «Махамбет», «Кел, қалқам, Алатауыңа» деген сияқты ән-күйлерінің нотасы тізіліп тұр.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Ішінде «Реанимация» деген туындысы аяқталмай қалған. Оны комопзитор ауруханада жатып жазып, кейін басқа сазгердің аяқтауына рұқсат ететінін айтып кеткен. Алайда бұл шығарманы бітіруге ешкімнің тісі батпай келеді.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Ал мынау әйгілі — дариға домбыра. Бұлай аталуының себебі сол, үйге қонақ келгенде композитор домбырасын алдырарда әйеліне «Дариға, домбырамды берші маған» дейді екен. Бір күні мұны естіген Мұқағали Мақатаев тура осы тақырыппен өлең шығарған. Ал Нұрғиса Тілендиев сол өлеңнің әуенін жазып, әдемі ән туған еді.

Дариға домбыра, Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Домбыраны әйгілі музыка аспабының шебері Эммануил Романенко 1930-жылдары жасаған. Нұрғиса Тілендиевке ұстазы Ахмет Жұбанов сыйлаған.

Бұл — кейін алған роялі. Бұған дейін қара түстісі болған, оны Тілендиев Ахмет Жұбанов мектебіне сыйлаған екен. Бір қызығы, бұл рояльді пәтерге кранмен көтеріп, терезеден кіргізген дейді.

Нұрғиса Тілендиев музейі, рояль
Фото: Ерқанат Аманкел

Дирижер 1950-жылдары Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияда оқып жүргенде осы фракты тіккізген. Өмірінің соңына дейін киіпті.

Нұрғиса Тілендиев музейі, фрак
Фото: Ерқанат Аманкел

Ал мынау Германияда тіктірген ақ пенжегі мен қара шалбарын салтанатты іс-шараларға киген.

Тілендиев қайда барса да жанынан тастамайтын үш зат болыпты: радиоқабылдағышы, нота дәптері мен қаламсабы. Соның бәрін анау тұрған портфельге салып жүреді екен.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Мына әдемі таяқтарды көшеге, қонаққа ұстаған.

Нұрғиса Тілендиев музейі,
Фото: Ерқанат Аманкел

«Отырар сазы» 1994 жылы Солтүстік Кореяға барған. Онда музыка өнерінің әлемдік фестиваліне қатысып, оркестр 10 бірдей номинация жеіп алыпты. Сол кездегі ел президенті Ким Ир Сен оркестрге корейдің кайагым деген аспабын сыйлаған. Бұл — біздің жетігенмен туыс аспап.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

Бұл — Нұрғиса Тілендиевтің жанынан тастамайтын радиоқабылдағышы. Қаланың шуынан шаршағанда ауылға кетіп қалады екен. Сонда радиосын ала кетеді.

Нұрғиса Тілендиев музейі, радиоқабылдағыш
Фото: Нұрғиса Тілендиев музейі

Тілендиев 1943-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 43-жылы жасы небәрі 16-да еді. Алайда кезінде Жұбанов мектепке аларда Нұрғисаның жасы жетпеген соң, құжатта оны 1925-жылғы деп көрсетеді. Тілендиев 1943 жылы құжат бойынша 18 жасқа толып қойғандықтан, соғысқа барады.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Нұрғиса Тілендиев музейі

Майданда үш рет оқ тиіп, жараланады. Үшінші рет жараланып, госпитальде жатқан кезінде Ахмет Жұбанов сол кездегі Қазақстанның бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке хат жазған. Хатында соғыс әні-міне аяқталғалы жатқанын, Тілендиевтей дарынды бала қазаққа керек екенін, ендігі оны Алматыға қайтаруды сұрайды. Сөйтіп, 1945 жылғы наурызда Нұрғиса Тілендиев Алматыға оралған. Мұнда соғыстан алған марапаттары тұр.

Нұрғиса Тілендиев костюмдеріне қатты мән берген. «Отырар сазының» алғашқы концерттеріне барқыттан костюм тіктіріпті. Қазір гардеробында қызыл, көк түсті костюмдері тұр.

Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел
Нұрғиса Тілендиев музейі
Фото: Ерқанат Аманкел

***

Тағы оқыңыз:

Музей-үйге сапар. Дінмұхамед Қонаевтан қандай дүние-мүлік қалды?