Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Алматының Алатау ауданында 1988 жылы пайдалануға берілген ұзындығы шамамен 483 метр жылу құбыры қайта жаңғыртылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, осыған байланысты 2026 жылғы 8 шілдеден бастап жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін Немирович-Данченко көшесінің батыс жағымен Рысқұлов даңғылынан Райымбек даңғылына дейінгі аралықта автокөлік қозғалысына ішінара шектеу енгізіледі.
Жүргізушілерге бұл учаскені екі бағытта да Немирович-Данченко көшесінің шығыс жағымен айналып өту ұсынылады. Уақытша шектеу жер астындағы жылу құбырын жоспарлы түрде қайта жаңғырту жұмыстарын қауіпсіз жүргізу үшін енгізіліп отыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін алдағы жылыту маусымында 14 көпқабатты тұрғын үй, екі жеке тұрғын үй, екі мектеп және тағы 10 нысан тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі, — делінген хабарламада.
«Алматы жылу желілері» ЖШС қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайтынын атап өтті және тұрғындар мен жүргізушілерден уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұрады.
