3 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде нөсер жаңбыр, бұршақ, шаңды дауыл және екпінді жел күтілсе, шығыс пен оңтүстік-шығыста ауа температурасы +36 градусқа дейін көтеріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Қазгидрометтің» болжамынша, атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады. Көптеген өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ түсіп, жел күшейеді. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін.
Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді. Ауа температурасы күндіз +28…+30 градус болады.
Алматыда күн ала бұлтты болып, кей уақытта жаңбыр жауады. Күндіз қатты жаңбыр мен дауылды жел күтіледі. Ауа температурасы +27…+29 градус шамасында болады.
Шымкентте қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндізгі ауа температурасы +26…+28 градусқа дейін көтеріледі.
Аптап ыстық шығыс пен оңтүстік-шығыста сақталады. Семейде ауа температурасы +34…+36 градусқа, Талдықорғанда +33…+35 градусқа, Өскеменде +32…+34 градусқа, Павлодарда +31…+33 градусқа, Түркістанда +30…+32 градусқа дейін жетеді.
Қатты жауын-шашын мен қауіпті метеорологиялық құбылыстар Алматы, Жезқазған, Қарағанды, Қонаев, Қостанай, Тараз және Петропавл қалаларында болжанып отыр. Бұл өңірлерде жаңбырмен бірге бұршақ түсіп, желдің күшеюі күтіледі.
Синоптиктер тұрғындарға найзағай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, дауылды жел туралы ескертулерді ескеруге, ал аптап ыстық болатын өңірлерде күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге және жеткілікті мөлшерде су ішуге кеңес береді.
