Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесіндегі сынақ жұмыстары бір-екі айдан кейін толық аяқталып, жоба жұмыс режимінде іске қосылады.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеп отыр.
Әкімнің айтуынша, LRT 30 қыркүйектен бері тестілік режимде жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта барлық негізгі техникалық және инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталуға жақын.
Осы айдың соңына дейін барлық вагон жеткізіледі деп күтіліп жатыр. Станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары да аяқталуға таяу. Бастапқыда тестілік кезең үш айдан алты айға дейін созылады деп жоспарланған. Алайда алдағы бір-екі айда барлық сынақ толық аяқталып, LRT тұрақты жұмыс режиміне көшеді, – деді қала әкімі.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жаңа көлік жүйесі Есіл және Нұра аудандарындағы жол қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді. Әсіресе Қалдаяқов, Сығанақ және Қабанбай батыр даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
