Орман өрті, жылусыз қалған қала, спорт жаңалықтары және тағы басқасы. Baribar.kz 2023 жылғы аты шулы оқиғалар тізімін жасап, қоян жылын қорытындылады.

Елбасы заңының күші жойылды

13 қаңтарда парламент палаталарының бірлескен отырысында «ҚР тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Ал 15 ақпанда бұл заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Осы заң негізінде елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев

  • Елбасы статусынан
  • ҚР президенттігіне сайлауға түсу құқығынан айырылды.

Тұңғыш президентке Конституциялық заң бойынша бұрын да тиісуге болмайтын. Елбасы туралы заң күшін жойғаннан кейін де елдің бірінші президенті қорғала береді.

Тікұшақ апаты және Darkhan Juzz-дің өлімі

23 ақпанда сағат 15:38-де Орал қаласынан 54 шақырым жерде, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Чапурино кентінің ашық аумағында «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүр болған. Тікұшақ апатқа ұшырап, төрт адам қаза тауып, екі адам зардап шекті. Қаза тапқандардың бәрі — ТЖМ-ға қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ қызметкерлері.

Сол кезде МИ-8 тікұшағының жұмыс істегеніне бір жыл ғана болғаны белгілі болды. Апатқа ауа райы әсер еткен болуы мүмкін.

тікұшақ, апат
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

24 ақпанда жас әнші Darkhan Jazz қайтыс болды. Кейінірек оның неден қайтыс болғаны белгілі болды. Тайланд полициясының ақпараты бойынша, Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Жүнісбеков жалға алған мопедімен жол апатына түскен.

Darkhan Juzz
Фото: Instagram.com/d.juzz
Артынша әншінің достары, тыңдармандары Алматы арбатына жиылып, еске алу кешін өткізді. Кейін Ozen музыкалық лейблінің қолдауымен әншінің аяқталмаған Aue альбомы жарыққа шықты. Альбом «Үздік альбом» аталымы бойынша Beu жүлдесін жеңіп алды.

Әлемнің төртінші ракеткасы атағы және «үздік павильондар»

Наурызда Елена Рыбакина теннистен Индиан-Уэлс турнирін жеңді. Бұған дейін спортшы Индиан-Уэлстегі жартылай финалға да жетпеген еді. Ал араға екі ай салып спортшы Римдегі турнирде жеңіп, әлемнің төртінші ракеткасы атанды. Сонымен қатар ол Sportico басылымының 2023 жылы әлемдегі ең көп табыс тапқан спортшы қыздар тізімінде жетінші орында тұр.
Фото: TennisUptodate.com


Наурызда EXPO Dubai Қазақстан павильоны 192 ел арасында 2-орынға ие болды. Қазақстан бұл көрмеде «Көрме тақырыбын ашу» аталымы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Бірінші орынды Германия, үшінші орынды Италия алды.

Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды

Сот үкімі 24 сәуірде шықты. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке (18 жыл), ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұловқа (16 жыл), Дәулет Ерғожинға (15 жыл) және Марат Өсіповке (3 жыл) қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот істі «Аса құпия» деген белгімен қарады.

Айта кетейік, бұл азаматтарға 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған еді.

Кәрім Мәсімов
Кәрім Мәсімов. Фото: Kaztrk.kz

Кәрім Мәсімов ҚР қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайды және мүлкі тәркіленді. Ол генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан да айырылды.

Кәрім Мәсімов 2016 жылдан бастап 2022 жылғы қаңтарға дейін ҰҚК басшысы қызметін атқарды. Ол 2022 жылғы қаңтарда қамауға алынды.

Кейін Кәрім Мәсімовке тағы бір айып тағылды. Қарашада Кәрім Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және 366-бабы «Аса ірі көлемде пара алу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны хабарланды.

Әскерге кеткен курсанттың өлімі

Мамырда ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында 3-курс курсантының денесі табылды. Комитет мәліметінше, курсант өзіне қол салған. Қазақстан әскерінде кейінгі төрт жылда 90-ға жуық адам суицид жасаған.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскердегі суицид себебін жастардың тәрбиесімен байланыстырды.

Менің ойымша, бүгінде барлық проблема тәрбиеде… Баланы өзі, отбасы мен Отаны үшін жауапкершілік ала алатын ер азамат етіп тәрбиелеу керек, — деді ол мәжіліс кулуарында.

Шығыс Қазақстан аумағындағы өрт, Даниал Ахметов және Төреғали Төреәлі

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қорытындысы бойынша, облыста 2023 жылы 76 орман өрті болған. Өрттен жойылған орман алқабы — 15 645,52 га. Сонымен қатар ауданы 1 242 га болатын алты дала өрті болған және 2 235,3 га алқапта 105 рет шөп өртенген.

ШҚО-да Риддер жылу электр орталығында да жиі-жиі өрт болып тұрады. 2023 жылғы 5 қаңтарда Риддер жылу электр орталығының күл шығару жүйесіндегі станциясында сорғы істен шықты. Ал 19 қаңтарда таңертең сағат 7-де Риддердегі жылу электр орталығының от жағу цехынан өрт шықты. 28 ақпан күні осы ЖЭО-да тағы апат болды. 50 мыңдай тұрғыны бар қалада наурыз айында да екі мәрте апат болды. Сәуірде де Риддер тұрғындары жылусыз қалды.

Риддер ЖЭО
Фото: ШҚО ақпараттық орталығы

Сәуірде ШҚО-да 45 гектарға жайылған қамыс өртенгені де хабарланды.

17 маусымда «Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы» РММ аумағында, Риддерден 80 шақырым жерде өрт шықты.

Ал 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қызметінен босату туралы жарлық шықты. Ол бұл лауазымға 2014 жылы отырды. 2023 жылға дейін екі рет қайта тағайындалып, бір рет мерзімі ұзартылған еді.

Фото: Болат Шайхинов/ Sputnik.kz


Ішкі істер министрлігінің Telegram-арнасы 14 маусымда Алматыдағы Майлин көшесінде жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған құрамы 1992 жылы туған азамат А. айдаған «Лексус» автокөлігін тоқтатқанын хабарлады. Оқиға орнында түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарап, қолданушылар рульде әнші Төреғали Төреәлі (Төреғали Әлиханов — ред.) отырғанын жазып жатты.

Фото: Tengrinews.kz

Сараптама нәтижесінде А. деген азаматтың есірткіге мас екені белгілі болды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі, 613-бабы 1-бөлігі, 599-бабы 1-бөлігі, 230-бабы 2 -бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды. Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.

Әнші 20 тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

Абай облысындағы өрт, 14 орманшының қазасы және Грузияда өлтірілген қазақстандық журналист 

8 маусымда «Семей орманы» қорығында орман өртеніп, аумағы бірнеше сағаттың ішінде үш гектардан 100 гектарға дейін жетті. Табиғат апатымен күрескен қорық қызметкерлері хабар-ошарсыз кетті. Екі күннен кейін із-түзсіз жоғалған 14 орманшының қаза тапқаны белгілі болды.

Абай облысы, өрт, орман өрті
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Президент 10 маусымда төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді отставкаға жіберді. Бірақ Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қызметте қалды. Президент облыстың жаңадан құрылғанын, Нұрлан Ұранхаевтың іс басына жақында келгенін ескеріп, тек сөгіспен шектелді.

Абай облысындағы трагедиядан кейін үкімет орман өртінің алдын алу шараларына экология министрлігіне 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлетінін хабарлады. Тамыз айында төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін жаңартуға үкіметтік резервтен 633 млн теңге бөлінді.

Қараша айында Абай облысында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты сот процесі өтті. Тергеу оларды әріптестерінің өліміне кінәлі деп тапты.

Семей орманындағы өрттен 165 млрд теңге шығын келген.



Фото: Sputnik.kz

Сол кездегі экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қыркүйекте қызметінен босатылды. Кеткенімен, жерде қалған жоқ. Қыркүйекте ол Қазақстан Республикасы президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды.



Қазақстандық журналист Жанбота Төлеген Грузияда кісі қолынан қаза тапты.

Фото: Esquire.kz

Бұл ақпаратты еліміздің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады. Грузия полициясының хабарлауынша, тергеу барысында күдікті Г.Х. муниципалитетте туындаған жанжал кезінде қазақстандық әйелді доғал затпен ұрып, ауыр жарақат салған.

Марқұм Жанбота Төлеген 2023 жылы мамырдың 21-інде Грузияның Телави қаласында қастандықпен өлтірілген. Журналист өлген соң бір айдан кейін ғана ізделе басталды. Бірінші болып журналист Назира Дәрімбет 18 маусымда Жанботаның хабарсыз кеткеніне біраз уақыт болғанын айтып, оны танитындар болса, хабарын берсеңіздер деген пост жариялады.

Пост астына Жанбота Төлегеннің туыстары комментарий жазып, оның қайтыс болғанын, 2 маусымда Астанада жерленгенін жазды.

Коммуналдық тарифтер өсті, азық-түлік қымбаттады

1 шілдеден бастап Алматыда коммуналдық тарифтер өсті. Қалада жылу тарифтері 20%-ке көтерілді. Бизнесмендер үшін 30%-ке, ал бюджеттік ұйымдар үшін 36%-ке артты. Суық су мен канализацияның тарифтері 15%-ке өсті.

Осылай, шілдеден бері қала тұрғындары судың бұрынғы бағасына 150 теңге, жарықтың бұрынғы бағасына 450, ал бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін 1000 теңге қосып төлей бастады.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге қарағанда, 2023 жылғы шілдедегі жылдық инфляция деңгейі 14%-ке жетті.

Осы тұста азық-түлік тауарлары 13,5%-ке, азық-түлік емес тауарлар 15%-ке, ақылы қызметтер 13,6%-ке қымбаттады.

«Тарихымыздағы ең нашар компания болды» — АрселорМиттал оқиғасы

АрселорМиттал — үнді миллиардері Лакшми Митталға тиесілі әлемдегі екінші ірі металлургиялық компания. Компания кәсіпорындарында биыл 17 тамызда үлкен апат болды. Сағат 10:05-те «Казахстанская» шахтасында конвейер өртенді. Жер астында 227 кенші болған. 222 кенші эвакуацияланып, бес адам қаза тапты.

Фото: Sputnik.kz

Екі айдан кейін, 28 қазанда, сенбіге қараған түні металлургиялық алпауыт кәсіпорында екінші төтенше жағдай болып, 46 кенші қаза болды. Түнде Костенко шахтасында күшті жарылыс болған. Бұл кезде жер астында 252 кенші болған. Олардың 205-і жер бетіне шығып үлгерді.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке компаниямен «ынтымақтастықты тоқтатуды» тапсырғанын айтты.

8 желтоқсанда индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьевтің компанияның жаңа инвесторы болатынын мәлімдеді. Ол «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық кәсіпорындарының (Қарағанды металлургиялық зауыты) және ArcelorMittal Tubular Products Ақтау құбыр зауытының акцияларын алады. Билік Андрей Лаврентьевтің активтерді сатып алуға 286 миллион доллар жұмсағанын, компанияның 700 миллион доллар көлеміндегі несиесін өтегенін және өндіріске 3 миллиард доллар инвестициялауға уәде бергенін айтты.

Компания атауы QARMET деп өзгертілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды», — деп мәлімдеді.

2021 жылғы желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда жұмыс істеген жылдар ішінде «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында 130 адам қаза болып, жарақат алған. Бұл туралы депутат Гүлнар Бижанова айтты.

Ең төменгі жалақы көтерілетіні туралы хабар және қазақтан шыққан тұңғыш чемпион

Қыркүйекте 2024 жылдан бастан ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтерілетіні хабарланды. Президент бұл шара бір миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетінін айтты.
Ризабек Айтмұхан. Фото: Gov.kz
18 қыркүйекте Ризабек Айтмұхан Белградта өткен күрестен әлем чемпионатының финалында әзербайжандық Осман Нурмогамедовті жеңді. Сөйтіп қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Осы уақытқа дейін ұлттық құрама 17 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі — күміс, 12-сі — қола медаль.

Параспортшылар жеңісі және активтерді қайтару комитеті

Қазақстан Азия пара ойындарына қатысып, спортшыларымыз доданы 11-орынмен аяқтады.
Ханчжоуда өткен IV пара ойындарда Қазақстанның параспортшылары жалпы 41 медаль жеңіп алды: сегіз алтын, 12 күміс және 21 қола. Ел намысын 14 спорт түрінен 131 спортшы қорғады.
Фото: Туризм және спорт министрлігі


12 қазанда президент жарлығымен заңсыз иемделген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Бас прокуратураның жанынан құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асыратыны хабарланды.

Салтанаттың өлімі, EURO-2024-ке бір қадам және хостелдегі өрт

2023 жылғы 9 қарашада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 31 жастағы әйелі Салтанат Нүкенованы “өлімші етіп сабап, өлтірді” деген күдікпен ұсталды. Оқиға Астанадағы BAU мейрамханасында болған. Қуандық Бишімбаевтың үстінен “Адам өлтіру ісі” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктіні екі айға қамады. Мейрамхана басшысы да Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Салтанат Нүкенова
Фото: instagram/_salta_n

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты оқиға қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Қоғам белсенділері, құқыққорғаушылар, танымал адамдар, Қазақстан азаматтары тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты арнайы заң қабылдауды, қатаң жаза енгізуді талап етті. Блогерлар, танымал артистер, журналистер әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл тақырыпта жазба жазып, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін көрсететін видео түсіріп, флешмоб ұйымдастырды.

Қылмыстық іске Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды. Кейін экс-министр Бишімбаевтың үстінен «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғаны белгілі болды.



30 қараша күні таңертең Алматыдағы хостелден өрт шығып, 13 адам қаза болды, екеуі ауруханаға жеткізілді.

59 адам шұғыл эвакуацияланды. 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Хостелдегі тұрғындардың дені шет мемлекеттердің азаматы болған.

өрт
Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі

Қаза болғандардың біреуі – Ресей Федерациясының, біреуі Өзбекстанның азаматы, қалғаны — Қазақстан азаматтары. Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаевтың айтуынша, хостелде, негізінен, студенттер тұрған. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев «Алматы хостелі» бір жарым ай бұрын ашылып, заңсыз жұмыс істегенін хабарлады. Үй-жайды жалға алушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өрт фактісіне сәйкес, ҚР ҚК 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүріп жатыр.



Ұлттық құрама футболшылары биыл Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан футбол тарихында болмаған нәтиже көрсетті. 

Қазақстан құрамасы алғаш рет топ ішінде ең жоғары орынға тұрақтады.

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Ұлттық құрама H тобында үштікті түйіндеген Финлияндиядан қосымша көрсеткіштер бойынша ғана артта қалды. Осылай, Қазақстан футбол құрамасы өз тарихында тұңғыш рет төртінші тұғырдан көрінді. Сонымен қатар іріктеу кезеңінің соңғы турына дейін топтан шығу жолдамасына үміткер мүмкіндігін сақтап қалды.

Құраманың тағы бір тарихи жетістігі – іріктеу кезеңіндегі 10 ойынның алтауын жеңіспен аяқтағаны. Сонымен қатар іріктеу кезеңінде тең ойын мүлдем тіркелмеді.

ЕУРО-24 іріктеу кезеңінде қазақстандық футболшылар 16 рет гол соқты. Бұған дейін бұл көрсеткіш бойынша рекорд ЕУРО — 2020 іріктеу турындағы 13 гол еді.

Іріктеу кезеңінің  ақырғы ойынында ұлттық құрама Словения құрамасынан жеңіліп, Еуро-2024 турниріне әрі қарай өте алмай қалды.

Халық санының өсуі, Қытаймен визасыз режим және Ұлттық қор аударымы

Қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті.

Халықтың деректер базасының көрсеткіші бойынша, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған бес бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Оның ішінде үш ұл және екі қыз бар. 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адам болды. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3%-ке өсті.

Болжалды өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 6,8 жылға: ерлер арасында 7,7 жылға, әйелдерде 6 жылға өсті. Осылай, 2022 жылы Қазақстанда болжалды өмір сүру ұзақтығы 74,4 жыл болды.



10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енді.

Келісімнің 1-бабы бойынша, екі ел азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен қатар іскерлік мақсатын жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Оған қоса азаматтар екі мемлекет аумағында күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге бара алады. Ал 180 күн ішінде бір елде болу уақытының жиынтығы 90 күннен аспауы қажет.

Фото: Elorda.info

Екі елдің бірінде 30 күннен артық болу қажет болса, азаматтар тиісті санаттағы кіру визасын рәсімдеуі қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Ұлттық қордан балаларға ақша аударылады

16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаражат аударуды қарастыратын заңға қол қойды. Заң 2024 жылғы 1 қаңтарда күшіне еніп, ақпаннан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балаларға төлем жасалады. Бұл бағдарламаға 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан азаматы саналатын барлық бала қатысады.

Баланың деректері мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, бағдарламаға автоматты түрде қатысады. Ақша түсетін арнайы шот та автоматты түрде ашылады.

Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Шотқа жиналған ақшаны тек 18 жасқа толғаннан кейін алуға болады.

Шавкат Рахмонов және автобус апаты, Ди Каприоның құттықтауы

Желтоқсанда қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов (18-0) жаңарған UFC рейтиңінде жартылай орта салмақта екі саты жоғарылап, үздік үштікке енді.

Фото: Informburo.kz

Шавкат бұған дейін бесінші орында болған. Отандасымыз жексенбі күні Лас-Вегаста америкалық балуан Стивен Томпсонды қылқындыру әдісімен ұтып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Нәтижесінде 3-орында тұрған америкалық Колви Кобиңтонды екі саты төмен сырғытты.



22 желтоқсанда әлеуметтік желіде Алматыдағы автобус апатының видеосы тарады. Алматы полиция департаментінің мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18.15-те №47 бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы көлікті басқарған әйел жүргізушіні ұрған. Жүргізуші есінен танып қалған. Салдарынан автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соғысқан.

Апаттан үш адам мерт болып, төрт адам жарақат алды.

Автобус жүргізушісін ұрған ер адам 24 желтоқсанда екі айға қамауға алынды. Күдіктінің үстінен «Бұзақылық» және «Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі не көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы» баптары бойынша қылмыстық іс тіркелген.



Ди Каприо қазақ үкіметін киіктің көбеюімен құттықтады. Холлиуд актеры Instagram-парақшасында киіктерге арнап пост жазды.

Леонардо Ди Каприо
ФОТО: VIDA PRESS

Осынау теңдессіз қалпына келтіру жұмыстары Қазақстанда киіктердің популяциясы сақталғанын көрсетеді. 2005 жылы ғана 48 мың бас болса, қазір елдегі киік саны 1,9 миллионнан асты. Браконьерлікке қарсы күрес бастамаларына, құқықтық тәртіпті белсенді қамтамасыз етуге және жаңа қорғалатын аумақтарды құруға қомақты қаражат салған Қазақстан үкіметін құттықтаймыз, — деп жазды Ди Каприо.

Жуырда экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде киік саны тарихи көрсеткіштен асып кеткенін мәлімдеген.

Оның дерегінше, 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болды. Ал 1993 елде 1 миллион 200 киік болған.