Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Жамбылда Орта Азиядағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

Фото: Gov.kz
Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті.

Бұл – Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі.

Жоба жаңартылатын энергия саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.

Құрылыс басталды

Капсула салу рәсімі Астана мен құрылыс алаңы арасында өткен телемост форматында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи қатысты.  Құрылыс алаңынан «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов телемост арқылы қосылды.

Жоба құны – 742 млрд теңге

Жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы және 600 МВт/сағат энергия жинақтау жүйесі салынады.

Жобаның жалпы құны 742 миллиард теңге.

Инвестиция жобасы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады.

«Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі»

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мұндай ауқымды жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанның энергетика саласын одан әрі дамытудағы ерекше маңызын атап өтті.

Ал Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев:

«Қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы – тек Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Бұл бастаманың дәл Жамбыл облысында жүзеге асырылуы өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және халықаралық серіктестердің сенімін айқын көрсетеді», – деді.

Өңір басшысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегияға толық сәйкес келетінін айтты.

Оның сөзінше, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және тұрақты экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына және Masdar компаниясына Жамбыл өңіріне білдірген сенімі мен Қазақстанда ірі инвестиция жобаларын жүзеге асыруға ниет танытқанына алғыс айтты.

Жоба қашан аяқталады?

Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысында жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, 2029 жылға дейін Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын тағы бір жел электр станциясын салу жоспарланған.

Аталған екі жоба толық іске қосылғаннан кейін облыстағы жаңартылатын энергия нысандарының саны 24-ке, ал олардың жалпы қуаты 2,5 ГВт-қа жетеді.

Бұл еліміздің оңтүстік өңірлерінің энергетика қауіпсіздігін нығайтып, электр энергиясын өндірудегі «жасыл» энергияның үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Мақалаға реакция