Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

ДСМ: Санитариялық қорытындысы жоқ лагерьлерге балаларды қабылдауға тыйым салынды

Фото: Отандастар қоры

Не болды?

Қазақстанда санитария-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ лагерьлер жұмысын тоқтатуға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Сархат Бейсенова балаларды оқу-сауықтару мекемелеріне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Комитет басшысының айтуынша, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауықтыру ұйымдарына қойылатын санитария талабының сақталуына ерекше бақылау жүріп жатыр.

Қазір елімізде 172 маусымдық балалар лагері санитария-эпидемиологиялық қорытынды алып, жұмысын бастаған. Әрбір лагерь ашылар алдында оның санитария талабына сай болуы мұқият тексеріледі. Атап айтқанда, ауыз судың, бассейн суының сапасы зертханалық тексеруден өтеді, ал жағажайы бар лагерьлерде су, топырақ және құм үлгілері де сарапталады.

Сархат Бейсенованың айтуынша, санитария қорытындысын алған лагерь тізімі комитеттің ресми интернет-ресурсында жарияланып, апта сайын жаңарып отырады. Осыған байланысты ата-аналарға балаларын лагерьге жібермес бұрын жаңа ақпаратпен міндетті түрде танысу ұсынылды.

Сонымен қатар министрлік ата-аналарға баланың денсаулығына көңіл бөліп, жолға тез бұзылатын азық-түліктерді бермеуге кеңес берді. Әсіресе ет, балық, сүт өнімдері, крем қосылған кондитерлік тағамдар мен тәтті газдалған сусындарды алып жүруден бас тартқан жөн.

Контекст

Жазғы лагерьге жолдаманы қалай тегін алуға болады? Мына жерден оқыңыз.

Мақалаға реакция