Не болды?
Таиландтың Паттайя қаласында күрестің U15 және U20 жас санаты арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. U15 санатындағы жарыста Қазақстан құрамасы жалпы саны 20 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Қазақстан спортшылары құрлық біріншілігінде 4 алтын, 5 күміс және 11 қола жүлде иеленді.
Еркін күресте 41 келіге дейінгі салмақта шыққан Мирас Әбдікәрім чемпион атанды. Ал Бектөре Заманбек (44 келіге дейін), Әмір Серік (48 келіге дейін), Наиль Зейналов (68 келіге дейін) және Ерсұлтан Сүлеймен (75 келіге дейін) күміс медаль жеңіп алды. Дамир Салауат (38 келіге дейін), Мадияр Әбдікәрімов (52 келіге дейін), Бибарыс Түзелбаев (57 келіге дейін) және Зелимхан Цицкиев (85 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Грек-рим күресінде Роллан Ким (48 келіге дейін), Даниал Қанатбай (52 келіге дейін) және Ералы Мұратов (85 келіге дейін) алтын медаль иеленді. Айтуған Осман (57 келіге дейін) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Берекет Ысмағұлов (38 келіге дейін), Райымбек Жақсылық (41 келіге дейін), Нұралы Амангелді (44 келіге дейін) және Руслан Бәкір (68 келіге дейін) қола жүлде алды.
Қыздар күресінде Раян Жамсапқызы (46 келіге дейін), Жәмилә Мехдиева (50 келіге дейін) және Эльнара Киримова (66 келіге дейін) қола медаль еншіледі.
Таиландтағы Азия чемпионаты 5 шілдеге дейін жалғасады.
Контекст
Естеріңізге салайық, семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы қола медаль жеңіп алды.
