Қуандық Бишімбаевтың әйелінің өлімі: Gastro center директоры ұсталды

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіру дерегі бойынша Gastro center директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл туралы Астана полиция департаменті өкілдері мәлімдеді.

Астана полиция департаменті елордадағы мейрамханалардың бірінде ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша әйелді өлтіру дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Осы қылмысты жасады деген күдікті қамауға алынды, — делінген хабарламада.

Қазір тергеу органдары, оқиғаның барлық мән-жайы және нақты адамдардың кінәсін анықтауға бағытталған қажетті іс-шараларды орындап жатыр.

Тергеу барысында Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша қылмыстық іс жеке тіркелді, оның шеңберінде Gastro center директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) 119-бабы 3-бөлігі (қауіп-қатерде қалдыру) бойынша қылмыстық істер тіркелді. Тергеуді Астана полиция департаменті тергеу басқармасы жүргізеді және Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында болады.

Еске салайық, 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.