Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Қазақстанда коммуналдық желілерді жаңартуға 27,3 млрд теңге бөлінді

Фото: БҚО әкімдігі
Қазақстанның алты өңірінде су, жылу және кәріз желілерін жаңғыртуға 27,3 млрд теңге бағытталды. Қаржы «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бөлінді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Қазақстан Тұрғын үй компаниясының» мәліметінше, қаржы Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.

Қандай жұмыстар атқарылады?

Жоба аясында:

  • су құбыры желілері жаңартылады;
  • кәріз жүйелері қайта жаңғыртылады;
  • жылу желілері жөнделеді;
  • коммуналдық инфрақұрылымға цифрлық шешімдер енгізіледі.

Мақсат – желілердің тозуын азайтып, тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету.

Қай өңірде қандай өзгеріс болады?

Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында су құбыры желілерінің бір бөлігі қайта жаңартылады. Қазіргі таңда олардың тозу деңгейі 59%-дан асады. Жоба аяқталғаннан кейін 2 200-ден астам абонент сумен тұрақты қамтылады.

Жамбыл облысының Тараз қаласында су құбыры және кварталішілік жылу желілері жаңартылады. 1962 жылы салынған су құбырының тозуы 95%-ға дейін жеткен. Қайта жаңарту нәтижесінде 2 200-ден астам тұрғынның жылумен қамтылуы жақсарады.

Жетісу облысының Талдықорған мен Текелі қалаларында жылу, су және кәріз жүйелерін жаңғыртуды қамтитын жеті жоба жүзеге асады. Сонымен қатар сумен жабдықтау мен су бұру процестері автоматтандырылады. Нәтижесінде 60 мыңнан астам тұрғын сапалы коммуналдық қызметке қол жеткізеді.

Батыс Қазақстан облысында Ақсай қаласының кәріз желілері қайта жаңартылады. Желілердің тозу деңгейі 79%-дан асады. Бұл жұмыстар мыңнан астам абонентке көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады.

Қарағанды облысында Абай қаласының магистральдық жылу желілері мен «Қарағанды Су» кәсіпорнының су тазарту кешені жаңартылады. Соның нәтижесінде Қарағанды, Теміртау және Ақтас кентіндегі 695 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Қостанай облысының Рудный, Лисаковск және Жітіқара қалаларында жылу желілері қайта жаңғыртылып, энергия ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйелері енгізіледі. Бұл жобалар 20 мыңнан астам абонентті қамтиды.

Биыл қанша қаржы бөлінді?

«Қазақстан Тұрғын үй компаниясының» мәліметінше, 2026 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша компания жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу арқылы 11 өңірдің жобаларын қаржыландырып, жалпы 104,3 млрд теңге бағыттаған.

Компания табиғи монополия субъектілерін әкімдіктердің облигацияларын сатып алу және жеке кәсіпорындардың несиелерін субсидиялау тетіктері арқылы қаржыландырады.

Мақалаға реакция