27 мектеп пен 115 балабақша. «Рухани жаңғыру» қорытындыланды

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жаңартылған ұлттық комиссия құрамына Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин жетекшілік етеді.

Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы міндеттерді іске асыру қорытындысы және жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспары қаралды.

Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы екі жыл ішінде қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуды басты мақсат еткен ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі бекітілді. «Туған жер» жобасы аясында меценаттар қаражатына 27 мектеп, 115 балабақша, 479 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынды. Тарихымызда алғаш рет шет тілдерінен экономика, әлеуметтану, саясаттану, психология және өзге де ғылым салалары бойынша әлемдегі 48 үздік оқулық қазақ тіліне аударылып, басып шығарылды. Елдің гуманитарлық білім қоры 2019 жылы тағы 30 кітаппен толығады. БҰҰ-ның негізгі 6 (ағылшын, француз, испан, араб, қытай, орыс) тілінде Қазақстан жазушылары мен ақындарының проза және поэзия антологиялары баспаға әзірленіп, осы жылы жарық көреді. «Киелі Қазақстан» жобасы табысты жүргізіліп жатыр: 28 тарихи нысанға реставрация жасалды, жаңадан «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» қорық-музейлері ашылды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар қолға алынды.

Жұмыс нәтижелері мен жоспарлар туралы отырыста Президент Әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев, Wikibilim қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы, Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі.

Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді, олардың орындалуын Президент Әкімшілігінің бөлімдері мен Ұлттық комиссия ұдайы бақыламақ.