Стивен Кови мен Ювал Ноаһ Харари еңбектері қазақшаға аударылды

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» аясында әлемге әйгілі екі автордың шығармалары — Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және Ювал Ноаһ Хараридің «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабы қазақ тіліне аударылды. Бұл туралы Алматы ішкі саясат басқармасының, Ұлттық аударма бюросының және U38 Университеттер альянсының өкілдері жобаның іске асырылуына арналған баспасөз мәслихатында хабарлады.

Бұл қос кітап бұған дейін әлемнің 40 тіліне аударылып, 30 миллион данамен таралған. Қазақша басылып шыққан кітаптар еліміздің университеттері және кітапханаларына тегін таралады. Сонымен қатар кітаптардың электрондық нұсқасын интернеттен де жүктеп алуға болады. Жоба авторлары оларға көпшіліктің қолы жеткені маңызды деп есептейді.

Кови мен Харари
Фото: Аида Арманқызы

Әр кітапты басып шығару үшін шамамен 30 миллион теңге жұмсалды. Бұл екі кітап 10 мың дана таралыммен басылып, 110 жоғары оқу орнына жіберілді.

«Жасампаз жандардың 7 дағдысы» алғаш рет 1989 жылдан бері 70-тен аса елде, 13 рет қайта басылып шыққан. Бұл кітапты қазақ тіліне Ғосман Төреғұл, Жақсылық Самұрат, Өмірзақ Ақжігіт, Шынар Әбілда сияқты авторлар аударған.

«100 жаңа оқулық» жобасының аясында осы екі бестселлерді аударуымыздың себебі көп. Алдымен U38 альянсының алаңында аударылуы маңызды 10 кітапты талқыладық. Нәтижесінде студенттерге негізгі қосымша дағды беретін, пікір алуандығын қалыптастыратын Кови мен Хараридің кітаптарын аудару маңызды деп шештік. Енді бұл кітаптар жастарға үлкен көмек болады деп есептейміз. Біздің ойымызша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген сананың ашықтығы, білімге құштарлық, прагматизм сияқты негізгі құндылықтар жастар арасында осындай кітаптар арқылы жақсы қамтылады, — дейді Алматының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.

Ал Ювал Ноаһ Хараридің «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» 20-дан астам мемлекетте 7 миллион данамен таралған. Оны қазақ тіліне аударған автор — Мақсот Ізімұлы.

Тарихшы-медиевист Харари Homo sapiens-тің пайда болу тарихынан бастап бүгінгі кезге дейінгі аралықты толық қамтиды. Сонымен қатар автор өткен кезеңдердің оқиғалары мен қазіргі заман мәселелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырманды қоршаған орта туралы түсініктердің бәрін қайта қарауға итермелейді.

«Бұл кітаптар туралы сағаттап әңгіме айтуға дайынбыз. Өйткені олардың мазмұны да салмағына сай терең әрі қызық. Осыған дейін ЖОО-да оқу бағдарламасына тікелей қатысы бар, маңызды оқу құралдары аударылды. Ал бұл кітаптар — әлемнің ең үлкен дүкендері мен кітапханаларында көп сұранысқа ие, идеялары, ұсыныстары мен құбылыстары талқыға салынған нақ осы кезеңнің бестселлерлері. Біз тұңғыш рет осындай кітаптарды көп уақыт өткізбей, қолма-қол аударып, таратуға мүмкіндік алдық. Бұған дейін өзекті бестселлер тез аударылып, таралған жоқ. Бұл кітаптардың құндылығы да осында, — дейді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» аясында қазір Стивен Кови мен Ювал Ноаһ Харариден басқа тағы 30 автордың шығармасын қазақшалап, баспаға дайындау қолға алынған.