Асқар Жұмағалиев Дәурен Абаевқа қағаз анықтамаларды жоюды тапсырды

Премьер-министрдің орынбасары — Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа барлық мемлекеттік қызмет түрін электрон форматқа көшіріп, «анықтамалармен қош айтысуды» тапсырды.

Смартфондар арқылы халыққа жақындай түсу керек. Сізге халықты үйрету керек, олар Халыққа қызмет көрсету орталығына бір-екі рет қана келуі керек, содан кейін орталыққа келмей, компьютер арқылы қызмет ала білуі керек, — деді Асқар Жұмағалиев Ақпарат және коммуникациялар министріне ведомствоның алқа мәжілісінде.

Вице-премьердің айтуынша, мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру — басым міндет.

Анықтама қағаздарымен қалайда қоштасу керек. Мен Facebook-те «анықтамалар шынымен де қажет емес шығар?» деп сұрадым. Өте көп адам: «иә, анықтама алудың қажеті жоқ», — деп жауап берді. Сондықтан бұл жерде, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Дәурен Әскербекұлы, мемлекеттік органдармен бірге тағы бір талдау жасау қажет. Деректер базасын біріктіру есебінен бір мемлекеттік органнан беріліп, екінші мемлекеттік органға шексіз ауысатын сондай анықтамалардан бас тарту керек, — деді Асқар Жұмағалиев.

Еске салайық, қаңтар айында Асқар Жұмағалиев мекенжай анықтамасын талап етуден бас тартуды ұсынған еді.

Еңбек кодексінде осы құжатты ұсыну туралы талап жоқ. Банктер мен басқа үшінші тұлғалар үшін eGov порталында клиенттің келісімімен азаматтың тұрғылықты мекенжайға тіркелгені туралы мәлімет беретін сервис бар. Онда мына қағазбастылықтың не керегі бар? — деді Премьер-министрдің орынбасары.

ДереккөзTengrinews.kz