Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әл-Фарабидегі жол апаты: сот қаза тапқан қыздың әкесін жәбірленуші деп таныды

Фото: t.me/prokadrykz

Не болды?

Алматы соты Әл-Фараби даңғылында болған жол апатында қаза тапқан қыздың әкесін жәбірленуші ретінде таныды. Сот отырысында ол апатқа кінәлі деп танылған Александр Пакты кешірмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Ер адам сот процесіне бұрынғы жұбайының айыпталушыны кешіргенін білгеннен кейін қатыса бастаған. Бұған дейін барлық жәбірленуші тарап айыпталушымен татуласқан деген ақпарат тарады. Алайда адвокат Жохар Өтебеков адам өліміне әкелген іс бойынша татуласу заң жүзінде мүмкін емес екенін айтқан.

Марқұмның әкесі сотта қызының тәрбиесі мен материалдық шығыны өз мойнында болғанын жеткізді. Сонымен қатар жерлеу рәсімін де өзі ұйымдастырғанын айтты.

Қызымды жерлеген күні кешке көңіл айтып, кешірім сұрау үшін екі жас жігіт келді. Алайда оларды үйден шығарып жібердім, — дейді қыздың әкесі.

Жәбірленушінің сөзінше, қыздың анасымен 2018 жылдан бері бірге тұрмайды. Ал бұрынғы жұбайының жол апатына кінәлі тараптан өтемақы алғаны туралы хабарды күтпеген жерден естіген.

Ер адам бұрынғы әйелінің өтемақыны қалған балалары үшін алуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен жаза мәселесін тек сот шешуі керек.

Қызымды өзім өсіріп, тәрбиеледім, оны шексіз жақсы көрдім. Қызым менің бұрынғы әйеліммен қайта татуласуымызды қатты қалады. Кейінгі кезде қарым-қатынасымыз да түзеле бастаған еді, – дейді марқұмның әкесі

Контекст

Естеріңізге салайық, жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болды. Салдарынан үш адам қаза тапты. Осыған дейін сот кезінде айыпталушы мас болмағанын айтты.

Мақалаға реакция