«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2 жаңа жоба іске асырылады

Ақордада Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Отырыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру нәтижелері мен Бағдарламаны басқару кеңсесінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Әсет Исекешев бағдарламаны жаңа мазмұнмен, бағыттармен толтыру қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жақын арада бағдарламаның дамуына қосымша импульс беретін «Ауыл — ел бесігі» және «Өз жеріңді танып біл» атты жаңа жобалар қолға алынады, — деді Президент Әкімшілігінің жетекшісі.

Отырыста бағдарламаны іске асыруға үлес қосушы мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыс әкімдері сөз сөйледі. Талқылаудың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия төрағасы Үкіметке «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың 2018-2019 жылдарға арналған жоспарын жасауды, ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Ауыл — ел бесігі» жаңа әлеуметтік жобасын іске қосуды тапсырды.

Өңір басшыларына бағдарламаны барлық басым бағыт бойынша нақты нәтижелерге жеткізетіндей етіп іске асыру жүктелді.

Еске сала кетейік, Президент екі жаңа жобаны іске асырудың маңызы туралы биылғы Жолдауында айтқан болатын.

Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл — ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек, — деген еді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия Президенттің жарлығымен құрылған еді. Комиссия құрамына қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, өңір әкімдері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, саяси партия белсенділері және журналистер кірді.