Максим Споткай: «Ұлы даланың жеті қыры» тарихқа деген ескі көзқарасты өзгертеді

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тарих пен өркениетімізге қатысты өзекті мәселелерді көтерді және онда айтылған бастамаларды халықаралық деңгейде қарастыруға болады. Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай осындай пікір білдірді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өте өзекті мәселелерді көтерді. Шындығында бұл тарих пен идеология мәселелерін біз «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Мирас» кеңесінің алаңында да талқыладық. Бұл мақаладағы әр бөлімді бір жоба деп алсақ, оларды халықаралық жоба деп айтуға болады. Мәселен, кейбір ұлы тұлғалар туралы айтсақ, Пушкин, Аристотельдердің кім екені бәрімізге белгілі. Ал енді әл-Фараби, әл-Бируни сынды тағы басқа ғұламалар қазақ елінен, Ұлы дала жерінен шыққаны бүкіл әлемге белгілі болуы керек деп есептеймін. Меніңше, осы мақаланы іске асыру аясында біз бұл деректерді бүкіл әлемге жеткіземіз, — деді Максим Споткай.

Жастар қозғалысының басшысы Президенттің бағдарламалық мақаласы қазақ тарихын зерделеудің әдістемелік негізін өзгертуі тиіс деп есептейді.

Қазір біз өзіміздің тарихымызға Кеңес дәуіріндегі көзқараспен қарап отырмыз. Бірақ та төл тарихымызға бүгінгінің көзімен қарау керек. Себебі өткен тарихтың механизмі мен методологиялары арқылы тарихқа қарайтын болсақ, біз ешқашан да Елбасы көздеп отырған Ұлы ел бола алмаймыз. Қазіргі таңда бізге жаңа көзқарастағы тарихшылар мен сарапшылар керек, — деді Максим Споткай.