Нұрлан Сауранбаев Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалды

Нұрлан Сауранбаев Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан  Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, — делінген хабарламада.

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда туған, мамандығы — экономист. Еңбек жолын 1991 жылы «Еңбек» компаниясының бас директоры болып бастады. 1997-2002 жылдары Қазақстан кәсіпкерлер конгресінің атқарушы директоры, «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Жолаушылар тасымалы» еншілес кәсіпорнының директоры, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды. 2002-2016 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Инжиниринг және сервис қызметтері департаментінің директоры, мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры, сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2017 жылдың ақпан айынан бастап EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы қызметін атқарды. 2017 жылдың 7 қарашасында Шымкент әкімі болып тағайындалды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.