«Туған жер» аясында БҚО-ның қос ауданында 24 жоба жүзеге асырылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жер» бағдарламасында: «Адам баласы — шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер — әркімнің  шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деген болатын.

Міне, осы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде БҚО-ның Бөрілі ауданында бірқатар іс қарқынды жүзеге  асып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, осы жыл ішінде меценаттар және мектеп түлектерінің демеушілігімен 46 миллион 720 мың 300 теңге қаражатқа 10 жоба жүзеге асырылған. Соның бірі «Наурыз» саябағын жаңарту және абаттандыру (жоба құны 28 миллион теңге). Бұл жұмыс Б.Гадешьев, Б.Мұратов, А.Италиев, Б.Базарбаев, Ф.Галиев сияқты кәсіпкер азаматтардың қолдауымен атқарылды.

Ақсай қаласындағы № 5 мектеп-интернаты жанынан спорт алаңын 10 миллион 300 мың теңге қаражатқа кәсіпкер Р.Торн салып берді. Сонымен қатар кәсіпкер К.Қапашов бағасы 3 миллион теңгені құрайтын емдеу және оңалтуға арналған құрал-жабдықтарды Бөрілі аудандық ауруханасына сыйға тартты.

Берері мол бағдарлама Батыс Қазақстан өңірінің Бөкей ордасы ауданында да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, күні бүгінге дейін меценаттар және мектеп түлектерінің демеушілігімен 11 миллион 350 мың теңге қаражатқа 14 жоба жүзеге асқан. Айталық, «Менің жүрегім Хан Ордасы» экспозициясын 3 миллион теңгеге «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Рауан Мұхамбетшин орнатты.  Ұялы ауылындағы құны 1 миллион теңге болатын шағын  саябақтың құрылысына Ш.Жексенбаев ЖОББМ-нің 1998 жылғы түлектері жәрдемдескен. Ал Сайқын ауылдық округінде жаңа спорт (футбол) алаңының құрылысы (жоба құны — 1,5 миллион теңге) «Хаулет компаниясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қ.Бірмановтың қолдауымен іске асты.