Қазақтың 60 ақын-жазушысының шығармасы әлемнің 6 тіліне аударылып жатыр

Қазақ әдебиетінің антологиясы әлемге 60 мың данамен тарайды. Антология екі жинақтан тұрады. Бірі — проза, екіншісі — поэзия шығармалары.

Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеxанұлының айтуынша, әлемнің алты тіліне аударылатын әрбір жинақтың таралымы 10 мың данадан болады. Антологиялар әуелі іргелі университеттердің кітапxаналарына тегін таратылады.

Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілі — ағылшын, қытай, орыс, француз, испан және араб тілдерінде 70-тен астам ел сөйлейді. Барлығында 2,5 миллиард xалық тұрады. Қазақ әдебиетінің антологиясы екі жинақтан тұрады. Әрбіреуіне 30 автордың шығармасы енді. Демек, проза мен поэзия бойынша 60 автор бар. Әрбір авторға бір баспа табақтан беріліп отыр. Сонда әрбір жинақ 400-500 беттің көлемінде болады. Бұл — өте үлкен, ауқымды жинақтар. Авторларды Жазушылар одағы іріктеп берді, — деді Рауан Кенжеxанұлы Астанада өткен жиында.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы қолға алынған. Бүгінде ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аудару аяқталып, енді қытай және араб тілдеріне аударылып жатыр. Бүгін Астанада өткен шарада шығарма авторлары — қазақ ақын-жазушылары аудармашылармен кездесіп, қазақтың көркем әдебиетін шетел оқырманына жетік тілмен жеткізу жайын талқыға салды.

Шетелдік мамандар аудармаға қатысты мәселелерді кеңінен талқылап қана қоймай, Қазақстанның мәдениеті, тариxы мен қазіргі тыныс-тіршілігімен жақына таныса алады. Сол әріптестерімен алғашқы мәтіндерін дайындап, авторлардың алдынан өтіп отыр. Аудармашылар әрбір автормен жеке-жеке кездесіп, екі күн бойы өз жұмысын талқылайды. Негізгі мақсат — аударманы мейлінше жетік, мейілінше сапалы етіп дайындау. Өйткені бұған дейін біздің тариxымызда қазақ әдебиетін мұндай көлемде, мұндай деңгейде аудару мен тарату тәжірибесі болған емес, — деді Рауан Кенжеxанұлы.

ДереккөзInform.kz