Денис Теннің анасы жұртшылыққа үндеу жолдады

Денис Теннің анасы Оксана Тен халыққа үндеу жолдады.

«Қайғымызды бөлісіп, осындай қысылтаяң шақта отбасымызға қолдау көрсеткені үшін бүкіл Қазақстан халқына және халықаралық қауымдастыққа Денис Теннің туыстарының атынан алғыс айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ерекше алғыс білдіреміз. Президент әрқашан Дениске қолдау көрсетіп, көмектесті. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен әкімдікке де көрсеткен қолдауы үшін рақмет айтамыз. Қара жамылған күннен бері қазақстандық және халықаралық БАҚ өкілдері бірнеше рет хабарласты. Денистен айрылып қалғанымызға әлі де сене алмай, қайғыдан ес жия алмай жүрміз, сондықтан дәл қазір журналистердің сұрақтарына жауап беруге әл-дәрменіміз жетер емес. Біздің ортақ қайғымызға, сонымен бірге сұхбат беруге дайын еместігімізге түсіністікпен қарауды өтінеміз. Ұлымыздың абыройлы есімі мен адал бейнесін жадымызда сақтайықшы», — деді Оксана Тен.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында сағат 15:00 шамасында болды. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Ұрылар Денис Тенге бірнеше жерден пышақ сұққан.

25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. 2,5 сағатқа жалғасқан операцияға қарамастан аурухана дәрігерлері өмір мен өлімге араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері қайтыс болды.

Денис Теннің аяқасты қазасы күллі әлем жұртшылығын тебірентті. Спортшы 21 шілде күні Достық елді мекеніндегі зиратқа жерленді.

Президент әкімшілігі Денис Теннің өліміне қатысты істі қатаң бақылауға алды. Полиция үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі өз қылмысын мойындады. «Кісі өлтіру» бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Денис Теннің қазасынан соң Қазақстан жұртшылығының құқық қорғау органдарының жұмысына, жалпы қоғамдағы әділетсіздік пен немқұрайдылыққа наразылығы күшейді.

ДереккөзInform.kz