Денис Тен ауруханада қайтыс болды

Бүгін алған пышақ жарақатынан соң еліміздің танымал мәнерлеп сырғанаушысы Денис Тен ауруханада қайтыс болды.

Спортшыға Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында шабуыл жасалған еді. Ол Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Жедел жәрдем қызметі оның жансақтау бөлімінде екенін айтқан болатын.

Денис Тен оң жақ санының жоғарғы тұсынан жарақат алыпты.

Алматы полициясы мәнерлеп сырғанаушыға жасалған шабуылдың себебін анықтады.

«Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Екі арада басталған жанжал кезінде әлгі адамдар Денис Тенге пышақ салған. Қазір күдіктілер іздестіріліп жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа ішкі істер департаментінің барлық құрамы жұмылдырылды», — деп хабарлады қалалық ІІД баспасөз қызметі.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді.

«Алматыдан сұмдық хабар жетті. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен жансақтау бөлімінде жатыр, ол пышақ жарақатынан өте көп қан жоғалтты, шамамен 3 литр және қазір Алматы орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері оның өмірі үшін қолдан келгенше күресіп жатыр. Бұл — үлкен қайғылы оқиға, тіпті, ақылға сыймайды. Қазір барлығымыз Денистің амандығын тілеп отырмыз», — деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.