Денис Тен ісі: үшінші күдікті тұтқындалды

Осыған дейін Денис Тенді өлтірді деген күдікпен екі автоұры ұсталған еді. Бүгін қылмыс туралы хабарламағаны үшін үшінші адамның ұсталғаны белгілі болды.

Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

“Мемлекет басшысы Денис Теннің ісін бақылауға алу туралы тікелей Бас прокурорға тапсырма бергенін білесіздер. ҚР Бас прокуроры істі бақылауға алды. Қылмыстық іс жүргізудің 192-бабы бойынша істі жүргізуге арнайы прокурор тағайындалды. Іс бойынша үш күдікті қамауға алынды. Жеткілікті дәлелдер жиналып, прокурорға тексеруге жіберілді”, – деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұған дейін Денис Теннің өліміне қатысты екі күдікті белгілі болған. Олар – Қызылорда облысында туған 1994 жылғы Арман Құдайбергенов пен Жамбыл облысында туған, 1994 жылғы Нұралы Қиясов. Марат Ахметжанов үшінші күдіктінің қылмысты “хабарламағаны үшін” ұсталғанын айтты.

Ол журналистердің үшінші күдіктінің нақты мәліметтеріне қатысты сауалдарына тергеу құпиясына сәйкес жауап бермеді.

“Күдікті қылмыс туралы біле тұра хабарламаған. Тергеу жұмыстары туралы ішкі істер органдары өздері хабарлайтын болады”, – деді Марат Ахметжанов.

Алматы қалалық соты үшінші күдікті ретінде Жанар Толыбаева есімді адамға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылғанын хабарлады.

Еске салайық, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен 19 шілдеде Алматыда кісі қолынан қаза тапты. Оқиға 15.00 шамасында Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаров пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бұл оқиғадан соң қоғамның ішкі істер жүйесіне деген наразылығы күшейді. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов ел азаматтарын автокөліктің ұрланған бөлшектерін сатып алмауға шақырды.

Денис Тен 21 шілде күні Алматы іргесіндегі зиратқа жерленді.

ДереккөзZakon.kz