Денис Теннің қазасы: Назарбаев істі ерекше бақылауға алуды тапсырды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа және Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен бірге Президент тергеу шараларының егжей-тегжейлі әрі объектив жүргізілуін қамтамасыз етуді ескертті. Президент әкімшілігінің басшылығына да тапсырма берілді — әкімшілік тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыруға тиіс.

Ақорданың баспасөз қызметі Елбасының Денис Теннің туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдағанын және оның ата-анасына қоңырау шалғанын да хабарлады.

«Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпия ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы жағдайда қаза тапқаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Осы орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын. Ол отандық мәнерлеп сырғанау мектебінің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан спортын ең жоғары деңгейде насихаттауға айтарлықтай үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері жастар арасында спорттың кең тарауына ықпал етіп, еліміздің даңқын асқақтатты. Денис көрнекті спортшы ғана емес, әлемнің көп елі мойындап, құрметтеген талант әрі қатардағы азаматқа ұқсамайтын, Қазақстанның нағыз патриоты болды», — делінген президент жеделхатында.

Нұрсұлтан Назарбаев мәнерлеп сырғанаушының туыстарына оны өлтіргендердің тиісті жазасын алатынына сенім білдірді.

Еске сала кетейік, 19 шілде күні Алматыда 25 жастағы даңқты спортшыға автокөлік тонаушылар шабуыл жасап, пышақ жарақатын салған еді. Ауыр жарақат салдарынан көп қан жоғалтқан мәнерлеп сырғанаушы дәрігерлердің шұғыл көмегіне қарамастан жансақтау бөлімінде жүріп кетті. Алматы полициясы Денис Теннің өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілердің кім екені анықталды, олардың бірі ұсталып, қылмысын мойындады. Денис Тен – мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Мәнерлеп сырғанаушының қазасына байланысты әлемнің түкпір-түкпіріндегі оны танитын жұртшылық қайғырып көңіл айтып жатыр.