Не болды?
Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай нарығындағы ахуалға арналған кеңес өткізіп, ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау және жанармайдың заңсыз тасымалына жол бермеу мәселесін талқылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қазір бензин, дизель отыны және авиация керосинінің қоры 1 миллион тоннадан асып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Жанар-жағармай ең алдымен автожанармай құю стансасына, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және отандық әуе компанияларына жеткізіліп жатыр.
Кеңесте мұнай өнімдерінің шетелге заңсыз тасымалын болдырмау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Қазір Қазақстан аумағынан автокөлікпен мұнай өнімдерінің жекелеген түрін, теміржол арқылы жеңіл дистилляттарды экспорттауға тыйым салынған. Сонымен қатар көліктердің мемлекет шекарасын тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған.
Кеңесте премьер-министр жауапты органдарға шекарадағы бақылауды күшейтуді, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың барлық схемасын анықтап, олардың жолын кесуді тапсырды.
Сонымен бірге энергетика министрлігіне жанар-жағармай өндірісі, қоры және тұтыну көлеміне тұрақты мониториң жүргізіп, қажет болған жағдайда қосымша шаралар жөнінде жедел ұсыныс енгізуді міндеттеді.
Контекст
Естеріңізге салайық, Ақтөбе автогаз құю бекетінде өрт шығып, үш адам қаза тапты.
