Денис Тен ісі: ұсталғандардың екеуі де бұрын сотталған

Алматыда Денис Тенді өлтірді деген күдік келтірілген екінші адам да ұсталды. Екеуі де — бұрын сотталғандар. Бұл туралы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаев хабарлады.

1994 жылы Қызылорда облысында туған Арман Құдайбергенов Ақсай-2 ықшамауданындағы №42 мектептің жанынан ұсталған. Серік Күдебаевтың айтуынша, ол қылмысын бірден мойындады. Құдайбергенов Денис Тенге екі рет пышақ салыпты.

«Ұсталғандардың айтуынша, оларға қаражат керек болған. Сөйтіп, көлік айнасын ұрлайық деген ой туады. Сол кезде көлік иесі шығып қалады. Олардың арасында төбелес болып, сол кезде Тенге пышақ салынған. Олар шабуыл жасаған адамымыздың Денис Тен екенін білмедік деп отыр. Құдайбергенов көшеде ұсталды. Оның байланыс жасаған барлық адамының соңына түсіп, бүгін ұстадық. Екеуі де бұрын сотталған. Өздерінің құрбаны болған адамның Денис Тен екенін Интернеттен білген», — деді Алматы қалалық ішкі істер департаментінің басшысы.

Қылмыскерлер оқиғадан соң екі жаққа қашқан. Сол себепті екеуін бірге ұстау мүмкін болмапты. Оның алдында күдіктілердің бірі — 1994 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген Нұралы Қиясов ұсталған еді.

@zakon.kz
Ұсталған Нұралы Қиясов @zakon.kz

Ол қорғаушының алдында кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицейлер Қиясовтың бұрын автокөлік ұрлығы үшін істі болғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаров пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. Президент тергеу шараларының егжей-тегжейлі әрі объектив жүргізілуін қамтамасыз етуді ескертті. Президент әкімшілігінің басшылығына тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыру тапсырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев мәнерлеп сырғанаушының туыстарына оны өлтіргендердің тиісті жазасын алатынына сенім білдірді.

25 жастағы даңқты спортшы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда қаскөйлердің қолынан қаза тапты.

Денис Тен – мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Мәнерлеп сырғанаушының қазасына байланысты әлемнің түкпір-түкпіріндегі оны танитын жұртшылық қайғырып көңіл айтып жатыр.