Қоғамдық кеңес Ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті

Алматының Қоғамдық кеңесінің мүшелері қалалық ІІД мен ҚР ІІМ басшылығын ауыстыруды ұсынды. Отырыста қала тұрғындары қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Қоғамдық кеңес мүшелері «қазіргі уақытта жүйелі жұмыс атқарылмай жатыр, сондықтан басшылықтың ауысқаны жағдайды жақсартады» деген пікірге келді.

«Біз әрқайсысымен жеке күресіп жатқан жоқпыз. Белсенді түрде кірісу керек. Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа және ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымовқа хат дайындап қойдық, Қызметтік сәйкестігі жайлы мәселені және ІІМ басшысы мен қалалық ІІД басшылығын отставкаға жіберу мәселесін көтеріп жатырмыз. Мұндай шешімдер қабылдамасақ, адамдар үйреніп алады. Басшылықты жаңарту қажет», —  деді Қоғамдық кеңес мүшесі Рахман Алшанов отырыс барысында.

19 шілдеде Алматыда күллі әлемді шошытқан қылмыс болды — екі жігіт әйгілі спортшы Денис Тенді пышақтап кетті. Оқиға 15.00 шамасында Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында болды. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Олар спортшының көлігін тонағанымен қоймай, иесіне бірнеше рет пышақ салған. Көп қан жоғалтқан Денис ауруханада қайтыс болды. Денисті өлтірді деген күдікпен екі жігіт ұсталды. Олар — Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов. Екеуі де қылмысын мойындады. Денис Тен 21 шілде күні Алматы іргесіндегі зиратқа жерленді.

Дереккөзtengrinews.kz