“Арманым орындалды”

“Барған жерімде Қазақстанның әсемдігі, қонақжайлығы, сұлу табиғаты жайында айтып жүретінмін. Қазақстан жер аумағы жағынан әлем бойынша 9-орында екенін естіген жандар қатты таңырқайтын. Әркез оларға елімізді көрсетсем екен деп армандайтынмын. Міне, арманым орындалды. Шетелдік қонақтарымыз айтылғандардың бәрін өз көзімен тамашалай алады”.

(2013 жылы «Денис Тен мен оның достары» аталатын мұз шоуын ең алғаш рет ұйымдастырған кезде айтқаны)

“Ең басты қарсыласым – өзім”

Мұзда алғаш рет құлағанымда оңай болмады. Сол сәттен бастап құлағандарға қарап күлмеймін. Ең басты қарсыласым – өзім. Ең маңызды жеңіс – өзіңді жеңуің, медаль алу жайлы осыдан кейін ғана ойлансаң болады”.

“Ізбасарым жоқ”

Денис Тен

“Бұл соңғы олимпиадам емес шығар. Жанкүйерлерімді әлі қуантармын. Қазақстанға көп жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын. Бірақ Қазақстанда менің ізбасарым жоқ. Бір жыл үзіліс алып, жарақатымды емдеп алайын десем, мені алмастыратын ешкім жоқ. Спорт адам ағзасына үлкен салмақ түсіреді. Жарақат домино тастары сияқты. Біреуі жазылса, екіншісі шығады. Бірақ қиындықтарға қарамастан жаттығу жасадым”.

«Бәрінен бұрын мен қазақпын»

Денис Тен

“Қазақстанда туған соң қазақ болып өтесің. Бәрінен бұрын мен қазақпын. Ойым, басқа да кейбір нәрселер бойынша мен қазақпын. Менің мәдениетіме, таным көкжиегіме ешқандай өзгерістер әсер етпейді. Өйткені мен Алматыда өстім. Сол себепті өмір бойы қазақстандық екенімді сезініп өтемін”.

Денис Теннің Пхенчхан Олимпиадасында өнер көрсетуі @informburo.kz

«Өмір – нәзік нәрсе»

«Қанша жерден мықты болсаң да, сен ең алдымен адамсың. Өмірі бар кәдімгі адамсың. Қанша дегенмен өмір – нәзік нәрсе, ертең не болатынын ешқашан болжай алмайсың…»

Денис Тен @globallookpress.com

Денис Теннің қазасына қазір барша жұрт қайғырып көңіл айтып жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпия ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы жағдайда қаза тапқаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Осы орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын. Ол отандық мәнерлеп сырғанау мектебінің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан спортын ең жоғары деңгейде насихаттауға айтарлықтай үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері жастар арасында спорттың кең тарауына ықпал етіп, еліміздің даңқын асқақтатты. Денис көрнекті спортшы ғана емес, әлемнің көп елі мойындап, құрметтеген талант әрі қатардағы азаматқа ұқсамайтын, Қазақстанның нағыз патриоты болды.»

 Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

«Қорқынышты әрі әділетсіз. Ата-анасына зор қайғы болды, Денисті білетіндердің бәрінің көзінде жас, оны бәрі жақсы көріп, құрметтеді. Бір ай бұрын ғана – маусымда Астанада «Денис пен оның достары» атты мұз шоуы өтті… Ал бүгін автокөліктің айнасын жымқырмақ болып, бүйіріне пышақ салған ұрылардың шабуылынан «алтын баламыз» Денис өмірден өтті. Көп қан жоғалтты, шұғыл операция жасалды, дәрігерлер консилиум өткізді. Денисті құтқару ғажап іс болар ма еді. Біз соңына дейін сендік. Орны толмас өкінішке қарай, үміт ақталмады… Бекем болыңыздар. Қабырғаны қайыстырған қаза. Иманды болсын!»

Виталий Мутко, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары: 

«Құдай сақтасын, бұл өмір не болып кетті. Сондай бір келеңсіздіктің кесірінен жас адамдар өмірімен қоштасты… Денисті Сочидегі Олимпия ойындарында тамаша өнер көрсеткен жарқыраған спортшы ретінде білемін. Айтар сөзім жоқ, Денистің отбасы мен оның жақындарына қайғырып көңіл айтамын».

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті:

«Өз атымнан, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің және еліміздің барлық спорт қоғамдастығы атынан ұлдарыңыз Денис Теннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтамын. Бүгін бәріміз үшін – жас мәнерлеп сырғанаушының таланты мен шығармашылығына сүйсініп, тәнті болған барлық адам үшін шын мәнінде қара жамылған күн. Өзінің бар спорт карьерасында Денис мақсаткерліктің, мұқалмас жігердің, жас шағында-ақ отандық мәнерлеп сырғанау саласының бастауында бола білген чемпионға тән мінездің үлгісіне айналды. Қазақстан өзінің аса көрнекті Чемпионынан айырылды. Бәріміз қайғырып жатырмыз. Денис Тен туралы жарқын естелік қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалмақ».

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі: 

«Оның өлімі – Қазақстан үшін орны толмас қаза. Денистің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Ол аса көрнекті спортшы әрі еңбексүйгіштігімен және табандылығымен барлық жасқа үлгі көрсеткен нағыз патриот болды. Денис жадымыз бен жүрегімізде көңілді де мейірімді адам ретінде мәңгі қалады.»

Татьяна Тарасова, мәнерлеп сырғанау бойынша бапкер:

«Ол осы бірмұзайдында секіруді үйренді. Біз үшін бұл оқиға – үлкен трагедия. Ол талантты, өте ақылды, білімді. Шексіз талантқа ие сирек кездесетін адам. Біз оны жаттығуда көретінбіз. Жарыстарда үнемі бірнәрсені жоғалтып жүретін, ал жаттығу кезінде нағыз данышпан. Біз оның Сочиде жүлдегер атанатынына сенгенбіз.»

Ирина Роднина, мәнерлеп сырғанаушы, үш дүркін Олимпиада чемпионы:

«Тен душар болған жағдай, әрине, жанға қатты батады. Жас, перспективалы, мәнерлеп сырғанауда өзін дәл сондай деңгейде көрсете алған, Сочиде медаль жеңіп алған спортшы еді. Туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Бұл – орны ойсыраған қаза.»

Димаш Құдайберген, көрнекті әнші:

«Сене алар емеспін. Денис, бауырым, досым. Сен бізге жетіспей тұрасың енді… Достығымыз үшін рахмет саған, Джеки! Сен ұлы адамсың, ұлы! Аңыз болып қалдың! Бұл дүниеден ерте кеткенің қандай өкінішті… Әрқашан өзіңмен мақтанамын, сағынамын! Сен өз өмірін ел беделіне арнаған батырсың! Бар еңбегің үшін рахмет! Ажалыңа сенгім келмейді… сене алмаймын… Соңғы рет сөйлескенімізді ешқашан ұмытпаймын. Қара жер торқа болсын..! Туыстары мен жақындарына көңіл айтамын… Қанішерлердің жазасын берсін.»

Алена Савченко, мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы:

«Сенгім келмейді… Неге бұлай? Сөзім жоқ. Көзімнен жас қана тамады. Денис, сен өмірімде кездескен жалғыз жылы жүзді адам едің, қайта-қайта кездесе бергім келетін. Қайдан ғана мұндай жағдайға тап болдың! Бейнеңді мәңгі ұмытпаймыз. Әрқашан өзіңді жақсы көріп өтеміз, Денис!»

Дайсукэ Такахаси, мәнерлеп сырғанаушы, Ванкувер Олимпиадасының қола жүлдегері:

«Денис… Нағыз шынайы сөз тауып айта алар емеспін. Сен жүрегінің мейірімі бар адам едің. Желіде ұзақ уақыт болмаған едім. Бұл оқиғаға сене алмай тұрмын».

Денис Тен – мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

19 шілде күні Алматыда 25 жастағы даңқты спортшыға автокөлік тонаушылар шабуыл жасап, пышақ жарақатын салған еді. Ауыр жарақат салдарынан көп қан жоғалтқан мәнерлеп сырғанаушы дәрігерлердің шұғыл көмегіне қарамастан жансақтау бөлімінде жүріп кетті. Алматы полициясы Денис Теннің өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.