Басты бетБілімЕнді ұлттық...

Енді ұлттық университет ректорларын Президент тағайындамайды

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Президентке ведомствоның қазіргі жұмысы, негізгі бағдарламалық құжаттардың жүзеге асырылуы және берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде мәлімет берді.

Кездесуде Білім саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының әзірлену барысы туралы да айтылды.

Президент жаңа мемлекеттік бағдарламаның мазмұны мен осы құжатта шешілуге тиіс міндеттер жөнінде ұсыныстарын айтып, министрге ұлттық университет ректорларын конкурс негізінде Үкімет қаулыларымен тағайындау туралы норматив құжаттар дайындауды тапсырды.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ұлттық университет ректорларын конкурс негізінде Үкімет қаулысымен тағайындау жөнінде норматив құжаттар әзірлеуді тапсырдым. Ректорларды Президенттің жарлығымен тағайындау туралы қазіргі процедура күшін жояды, — деп жазды Президент Twitter-де.

Айта кетейік, Қазақстанда ұлттық университет мәртебесі берілген 9 ЖОО бар: әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы, Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогика университеті, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы және С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті.