Асхат Маемиров Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына жаңа ректор тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының өкімімен Асхат Максимұлы Маемиров Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметіне тағайындалды, — делінген Президенттің ресми сайтында жарияланған құжатта.

Асхат Маемиров 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Абай ауылында дүниеге келген.

1991-1995 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алған. 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма режиссеры мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1997 жылы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында актер болып бастады. Кейін қоюшы-режиссер, облыстық халық шаруашылығы орталығында бас режиссер болып жұмыс істеді. Бұдан соң Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы, Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің актер шеберлігі бөлімінің меңгерушісі, «Қазақстанның рухани даму қоры» АҚ вице-президенті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Қазақ әуендері» АҚ президенті болып қызмет етті.

2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясымен Сорбонна университетінде және Париж ұлттық өнер консерваториясында білім жетілдірді. 2010 жылы Ресей театр өнері институтының магистратурасын тәмамдады.

2017 жылдың 12 мамырында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдың 12 ақпанынан бері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып қызмет атқарды.

Еске салайық, биылғы маусым айында Президенттің өкімімен Бибігүл Нүсіпжанова Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметінен босатылған еді.