Қазақстанда 3 шілдеден бастап докторантураға түсу емтиханына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, құжаттар 3 тамызға дейін қабылданып, емтихандар 4–20 тамыз аралығында өтеді.
Докторантураға түсушілер өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тіркей алады. Талапкерлер бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламалары тобын таңдауға құқылы. Егер талапкер тестілеу қаласын, білім беру бағдарламаларының тобын немесе емтихан тапсыру тілін өзгерткісі келсе, өтінішін 3 тамызға дейін өңдеуге немесе жоюға мүмкіндік беріледі. Тестілеудің өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат талапкерлердің жеке кабинетінде 9 тамызда жарияланады, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, түсу емтиханы үш кезеңнен тұрады:
- әңгімелесу – 30 балл;
- эссе – 20 балл;
- бейіндік емтихан сұрақтары – 50 балл.
Емтиханның ең жоғары нәтижесі – 100 балл. Мемлекеттік білім беру тапсырысы және ақылы негіздегі конкурсқа қатысу үшін талапкер кемінде 75 балл жинауы қажет.
Докторантураға түсу үшін талапкерлер мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификатын, сонымен қатар кемінде В1 деңгейіндегі шет тілін меңгергені туралы сертификатты ұсынуға тиіс. Бұл талап бірқатар педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге қолданылмайды.
Ал TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тест тапсырады.
Министрлік 2026 жылдан бастап құжаттар тізіміне ғылыми зерттеу жобасы (Research Proposal), кейінгі үш жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болса), зерттеу жоспары және эссе енгізілгенін хабарлады.
Сонымен қатар талапкерлер бейіндік доктор, оның ішінде индустриялық PhD және DBA (Doctor of Business Administration) бағдарламаларына да түсе алады. Бұл бағдарламаға түсушілер үшін шет тілін меңгеру сертификаты талап етілмейді және олар эссе жазбайды.
Бейіндік доктор бағдарламасы бойынша емтиханның ең жоғары балы – 80. Оның ішінде әңгімелесу – 25 балл, бейіндік емтихан – 50 балл, ал кәсіпорын немесе ұйымның ұсыным хаты болған жағдайда қосымша 5 балл беріледі. Конкурсқа қатысу үшін талапкер кемінде 50 балл жинауы қажет.
