Energyprom.kz мәліметінше, жоғары білім саласы бойынша ең көп қызмет көрсету жөнінен Алматы (республика бойынша көрсеткіштің 37,4%-і), Нұр-Сұлтан (24,7%), Қарағанды облысы (6,2%) және Шымкент (5,2%) алда.

2019 жылдың бірінші тоқсанында бюджет есебінен 41,4 миллиард теңгенің, халық есебінен 33,9 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген. Бірақ бір жыл ішінде кәсіпорындар есебінен көрсетілген қызмет көлемі артқан: 1,9 миллиард теңге, былтырғыдан 43,6% көп.

2017-2018 оқу жылында Қазақстанда 124 ЖОО жұмыс істеді. Оның 41-і Алматыда, 14-і Нұр-Сұлтанда және 10-ы Шымкентте. ҚР ЖОО-лары сұранысының 2019 жылғы ұлттық рейтингінде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогика университеті, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехника университеті және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті 87 оқу орнының ішінен көш бастады.

Бұрындары Қазақстан жоғары оқу орындарының санын жоспарлы түрде азайтып келсе, енді бұл тренд өзгеріп отыр, ЖОО саны көбейеді. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында білім мен ғылым шығыны ішкі жалпы өнімнің 5%-і деңгейіне дейін арттырылатынын және алдағы жылдары 180 жаңа колледж бен 20 жаңа ЖОО ашылатынын айтты. Бұл мақсатқа республика бюджетінен бірінші кезеңде 58 миллиард теңге бөлінеді.

2019-2020 оқу жылына ҚР Білім және ғылым министрлігі техника мамандықтарына көп білім грантын бөліп отыр. 2019 жылдың 20-30 маусымы күндері елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті, оған 110 мыңнан астам адам қатысты. Мемлекеттік білім гранттары Қазақстанның жоғары оқу орындарына ҰБТ қорытындысы бойынша бөлінеді. ҚР Үкіметі алдағы оқу жылына тұрмысы нашар көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары үшін қосымша 5 мың грант бөліп отыр. Олар ҰБТ-дан ұлттық ЖОО-лар бойынша 65 балдан кем емес, педагогика ғылымдары бойынша 60 балдан кем емес және басқа ЖОО-ларға 50 балдан кем емес ұпай алған талапкерлерге беріледі. Әуелі мемлекеттік білім грантын тағайындау жөнінде жалпы байқау болады. Биыл талапкерлер барлығы 53 700 мемлекеттік білім грантны иеленуі керек. Осыдан кейін 5-10 тамыз аралығында қосымша білім гранттары үшін өтініш қабылдау басталады.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Folio Illustration Agency)