Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Денис Тен көшесі». Алматыдағы бірқатар көшеге белгілі тұлғалардың есімі берілді

Денис Тен. ©Іnform.kz

Не болды?

Алматыда атауы жоқ ондаған көшеге жаңа атау берілді. Шешімді қала әкімдігі мен мәслихаты қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Жаңа көшелерге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, өнер және спорт өкілдерінің, сонымен қатар тарихи-географиялық атаулардың есімі берілді.

Жаңа атаулардың қатарында олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі де бар. Енді Бостандық ауданындағы «Архат» шағынауданының 7-көшесі спортшының құрметіне аталады.

Сонымен бірге Әуезов ауданындағы көшенің біріне белгілі театр режиссері әрі педагог Наталья Сацтың, Бостандық ауданындағы 26-көшеге Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейістің, ал «Мамыр-1» мен «Мамыр-2» шағынауданы арасындағы көшеге көрнекті тілтанушы ғалым Рәбиға Сыздықтың есімі берілді.

Бұдан бөлек, қала көшелері академик Әбдуәли Қайдардың, кинорежиссер Әмен Қайдаровтың, ақын Мұзафар Әлімбаевтың, археолог Карл Байпақовтың, ауыр атлетикадан олимпиада чемпионы Анатолий Храпатыйдың, академик Қайым Мұхамедхановтың және басқа да танымал тұлғалардың есімімен толықты.

Әкімдік шешімімен бірқатар көшеге тарихи және географиялық атау да берілді. Олардың қатарында Жаңатас, Семей, Жаңаөзен, Ақтау, Шардара, Қорғас, Кеген, Қызылқұм, Баласағұн, Бозжыра, Шолаққорған және басқа да атау бар.

Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен қаулысы ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Құжат бойынша, аудан әкімдіктері мен жауапты басқармалар жаңа көше атауларын енгізуге қатысты барлық жұмысты жүргізеді.

Контекст

Естеріңізге салайық, Алматыдан Мұхтар Шахановқа көше беру туралы сұраққа әкімдік жауап берді. Ресми жауапты мына жерден оқыңыз.

Мақалаға реакция