Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

iPhone 18 Pro: жеткізушілер тізімі мен бөлшек суреттері жария болды

©Inform.kz
Apple компаниясының әлі таныстырылмаған iPhone 18 Pro смартфонына қатысты құпия ақпарат интернетке тарап кетті.

Reuters агенттігінің мәліметінше, деректер Үндістандағы Apple-дің негізгі серіктестерінің бірі – Tata Electronics компаниясына жасалған кибершабуылдан кейін жария болған.

Тараған файлдардың ішінде жаңа смартфонның бөлшектер тізімі, жеткізушілері туралы мәліметтер және сынақ кезінде түсірілген фотосуреттер бар.

Қандай ақпарат тарады?

Reuters танысқан құжаттарға сәйкес, кибершабуыл жасаған топ қараңғы интернетте (dark web) жариялаған файлдардың арасында iPhone 18 Pro моделіне қатысты кемінде алты техникалық құжат болған.

Оларда:

  • смартфондағы жүздеген бөлшектің атауы;
  • әр компонентті жеткізетін компаниялар;
  • негізгі тақшадағы чиптердің орналасуы;
  • камера мен батарея бөліктеріне қатысты мәліметтер көрсетілген.

Құжаттарда Apple қай бөлшекті бірнеше жеткізушіден, ал қай компонентті санаулы ғана компаниядан алатыны да көрсетілген.

Apple жеткізушілер туралы мұндай ақпаратты көпшілікке жарияламайды. Компания бұл мәліметтерді коммерциялық құпия ретінде сақтайды.

Reuters дереккөзіне сәйкес, мұндай ақпараттың жария болуы Apple-дің өндірістік тізбегін бәсекелестерге, жалған өнім өндірушілерге және басқа жеткізушілерге ашып көрсетуі мүмкін.

Бұл Apple мен Tata Electronics арасындағы әріптестікке де әсер етуі ықтимал.

iPhone 18 Pro суреттері де жарияланған

Тараған файлдардың арасында Apple Confidential деген белгі қойылған фотосуреттер де болған.

Оларда 2026 жылдың басында Tata зауыттарының бірінде жүргізілген drop test (құлату сынағы) кезінде түсірілген құрылғылар бейнеленген.

Reuters бұл смартфондардың нақты iPhone 18 Pro екенін тәуелсіз түрде растай алмағанымен, агенттік сөйлескен дереккөз суреттер дәл осы модельге тиесілі екенін айтты.

Фотоларда сұр түсті, артқы жағында үш камерасы бар классикалық iPhone дизайны көрінеді.

Кибершабуыл туралы

Reuters бұған дейін World Leaks деп аталатын ransomware тобы Tata Electronics жүйесінен 200 мыңнан астам файлды ұрлап, интернетке жариялағанын хабарлаған.

Тараған мәліметтердің арасында Apple-ден бөлек, Tesla, TSMC және Qualcomm компанияларына қатысты құжаттар да болған.

Apple-дің жауабы

Reuters мәліметінше, Apple оқиғаға байланысты ішкі тексеру жүргізіп жатыр.

Ал Tata Electronics компаниясы:

  • маңызды ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті шектеген;
  • тәуелсіз халықаралық сарапшыларды тартып, цифрлық сот-сараптамасын (forensic audit) бастаған.

Apple мен Tata Reuters агенттігінің сауалына әзірге ресми жауап бермеген.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа құрылғылар ресми көрсетілмей тұрып өндірістік құжаттардың жария болуы Apple үшін соңғы жылдардағы ең ірі ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларының біріне айналуы мүмкін.

Бұған дейін Apple-дің биыл таныстыруы мүмкін құрылғылары туралы жазылған еді.

Мақалаға реакция