Қасым-Жомарт Тоқаев «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды. Құжат Қазақстанда алғаш рет психологиялық қызмет көрсету саласын кешенді түрде реттеп, психологтардың кәсіби қызметіне бірыңғай талаптар енгізеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақорданың мәліметінше, жаңа заң психологтардың құқықтық мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін айқындап, олардың қызметіне қойылатын кәсіби талаптарды заңнамалық деңгейде бекітеді.
Құжатқа сәйкес, психологтардың кәсіби стандарттары, біліктілік талаптары, этикалық қағидалары және клиенттердің құпия ақпаратын сақтау нормалары белгіленген. Сонымен қатар психологиялық және медициналық қызметтің аражігі нақты ажыратылған.
Заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі – психологтарды мемлекеттік тізілімде міндетті түрде тіркеу. Енді психологиялық көмекті тек тиісті білімі бар және мемлекеттік тізілімге енгізілген мамандар ғана көрсете алады. Ал бұл тізілімде жоқ адамдардың мұндай қызметті заңды түрде көрсетуіне жол берілмейді.
Сонымен қатар заң психологтардың:
- бірыңғай кәсіби стандарттарды сақтауын;
- этикалық нормаларды міндетті түрде ұстануын;
- клиенттердің құпия ақпаратын қорғауын;
- кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыруын міндеттейді.
Бұдан бөлек, құжат психологиялық көмек көрсету барысында манипуляциялық тәсілдерді, психоактивті заттарды және адамның санасына әсер ететін әдістерді қолдануға тыйым салады.
Заңды әзірлеушілердің айтуынша, құжаттың басты мақсаты психологиялық қызмет көрсету нарығын шектеу емес, азаматтардың құқықтарын қорғау және халыққа сапалы әрі қауіпсіз психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету.
