Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

2-12 шілдеде Астана күніне орай қандай іс-шаралар өтеді?

Фото: Liter.kz
Биыл Астана күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып жатыр. 2 шілдеден бастап 12 шілдеге дейін он күн бойы ашық аспан астындағы концерт, фестиваль, спорт ойындары мен театр премьералары өтеді. Сонымен қатар мерекеге орай жаңа инфрақұрылым нысандары пайдалануға беріледі. Жалпы 25-тен астам абаттандырылған аула мен қоғамдық кеңістік ашылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұлттық ұланның оркестрі теплоход үстінде өнер көрсетеді

Астана әкімдігінің мәліметінше, 2 шілде күні сағат 15:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық залында (Абай даңғылы, 29) ақындар арасындағы «Байрағы биік байтағым» республикалық мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.

Сол күні сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім саябағында экология, шығармашылық пен белсенді демалысты бір арнаға тоғыстыратын «Taza Fest Astana» фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтар экожоба көрмесін, экология эстафеталарын, интерактив алаңдар мен концерт тамашалай алады. Сағат 19:30-да Есіл өзені бойында Ұлттық ұланның оркестрі теплоходта өнер көрсетеді.

3-4 шілде күні open-air және балалар фестивалі, спектакль премьерасы өтеді

Сағат 09:00-де Самал саябағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл ел» жастарының қатысуымен экологиялық іс-шара өтеді. Сағат 10:00-де М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында жас фотографтардың «Астана – шабыт мекені» фотокөрмесі ашылады. Ал сағат 11:00-де мұнда «Ел жүрегі – Астана!» жастар open-air фестивалі басталады. 11:00-де Экохабта «Екінші өмір» байқауы өтеді. Онда «Жасыл ел» жобасының қатысушылары мен эко-белсенділер қайта өңделген материалдан жасалған авторлық бұйымдарын ұсынады.

Сағат 15:00-де Ұлттық музейде «Менің Астанам – менің отбасым» онлайн-байқауына қатысқан жас отбасыларды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Байқау «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында өтті. 16:00-де Бейбітшілік және келісім саябағында «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» балалар фестивалі өтеді. 19:00-де Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы амфитеатрда «Даламыздың үнісің сен, домбыра» деген концерт өтеді. Концертте «Алтын домбыра» мектебінің тәрбиеленушілері өнер көрсетеді.

3 және 4 шілде күндері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда заманауи балеттің «ALEM» пластикалық «Астана, мен сені сүйемін» деген спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылады.

«Асыл мұра» концерті: Медет Салықов, Клара Төленбаева, Айгүл Қосанова өнер көрсетеді

4-6 шілде аралығында Астана циркінде қала күніне арналған мерекелік бағдарлама өтеді. «Мерекелік саябақ» фестивалі 4 шілдеде Өнер музейінде, ал 5-6 шілдеде Орталық саябақта жалғасады. Бағдарлама аясында шеберлік сабақтары, ұлттық ойындар, шығармашылық белсенді іс-шаралар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.

4 шілде күні сағат 09:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында Kids Run балалар жарысы өтеді. Оған 6-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Тіркелу онлайн форматта жүргізіледі. 18:00-де Sana Sport спорт кешені жанындағы скейт-паркте Urban Fest көше спорты фестивалі ұйымдастырылады. Бағдарламада скейтбордиң, BMX, ролик және самокат спортынан жарыстар өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін, ал қатысушылар сол жерде тіркеле алады.

5 шілде күні сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында қазақтың дәстүрлі музыкалық өнері мен өңірлік мектептерді насихаттауға арналған «Асыл мұра» концерті өтеді. Мәдени кешке Сержан Мұрсайын, Перизат Тұрарова, Өзгеріс Шерікбай, Бейбіт Мұсаев, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, Алмас Алматов, Елмұра Жаңаберген, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Айгүл Қосанова, Дастан Есентеміров, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, Медет Салықов, Клара Төленбаева және Гүлмира Сарина қатысады. Сол күні елордалық амфитеатрда Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтеді. Қонақтар мультимедия шоуын көріп, домбыра шерту мен жетіген жайлы шеберлік сабақтарына қатысып, балаларды арналған шығармашылық алаңда ойнатып, ашық аспан астындағы кино көрсетілімін тамашалай алады.

SARYARQA RUN жүгіру жарысы мен «Жайдарман» жастар фестивалі

5 және 6 шілдеде Астана көшелері үлкен театр сахнасына айналады. Қалалық перформанс фестивалі 5 шілдеде амфитеатрдан қалалық алаңға дейінгі бағытта өтсе, 6 шілдеде «Жетісу» саябағында жалғасады. 5 шілде күні сағат 08:00-де Ырыскелді қажы мешіті жанындағы жағалауда SARYARQA RUN жүгіру жарысы ұйымдастырылады. Оған 16 жастан асқан кез келген адам онлайн тіркеліп, қатыса алады.

6 шілдеде спорт сүйер қауымға арнап мазмұнды бағдарлама әзірленді. Сағат 10:00-де Триатлон саябағында еркін және грек-рим күресінен, қазақ күресі мен дзюдодан «Жас Қыран» турнирі өтеді. Сағат 11:00-де Ғашықтар саябағында асық атудан «Астана сақасы» турнирі ұйымдастырылады. Ал сағат 16:00-де Астана әкімдігі алдындағы алаңда «Толағай» деген сайыс өтеді. Сағат 12:00-де Достық үйінде «Өнермен нұрланған – асқақ Астана» фестивалі өтеді. Кешкі сағат 18:00-де «Қазақ елі» монументі мен «Астана Арена» стадионының маңында Open Air форматындағы концерт басталады.

7 шілде күні сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Жайдарман» жастар фестивалі өтеді. Сол күні сағат 19:00-де Амфитеатр сахнасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық және классикалық вокал бөлімінің солистері «Астана – арман қала» концертін өткізеді. 8 шілде күні сағат 15:00-де Ұлттық академиялық кітапханада «Қаламгер ұстаханасы» әдеби алаңы ашылады. Қонақтар мұнда еліміздің белгілі ақын-жазушыларының шығармашылығымен таныса алады. Сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында композитор әрі домбырашы Бауыржан Мақаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» музыка кеші өтеді.

BaiQymyz халықаралық фестивалі

11 шілдеде «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздары марапатталады. 11-12 шілде күндері сағат 09:00-ден бастап «Қазанат» ипподромында ұлттық BaiQymyz деген халықаралық фестиваль өтеді. Қазақстанның түрлі өңірлерінен, Қырғызстан мен Ресейдің (Якутия) қымыз өндірушілері келеді. Мерекелік бағдарлама аясында коммерциялық концерттер мен мәдени шаралар да жоспарланған. Қала тұрғындары мен қонақтары Төреғали Төреәлі, Мақпал Жүнісова, «Жігіттер» тобының концерттерін, «Piano Stories. Шопеннен Прокофьевке дейін» деген музыка кешін, «Астана Опера» театрындағы халықаралық «Дон Карлос» фестивалін және «Шаншар» театрының жаңа бағдарламасын тамашалай алады.

25-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылады

Астана күніне орай елордада бірқатар жаңа инфрақұрылым нысаны пайдалануға беріледі. Қаланың барлық ауданында 25-тен астам абаттандырылған аула мен қоғамдық кеңістік ашылады. Сонымен қатар әкімдік Астананың индустриялық паркінде жаңа өндіріс орындарын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашуға, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

***

Тағы оқыңыз:

Астанадағы медицина университетіне Төрегелді Шарманның есімі берілуі мүмкін

Мақалаға реакция