Қазақстанда 1 шілдеден бастап тұрғын үй, құрылыс саласына қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Baribar.kz пәтер мен жер үй иесіне, сатып алушы мен жалға берушілер үшін маңызды жаңа ережелерді ұсынып отыр.
Енді адамды тұрғын үйден сот арқылы ғана шығаруға болады
Krisha.kz дерегінше, енді азаматты тұрғын үйінен айыру немесе үйден шығару тек сот шешімімен жүзеге асады.
- жалға алушы пәтерден өз еркімен шықпаса, үй иесі алдымен сотқа жүгінуге тиіс;
- тек сот шешімі шыққаннан кейін, мәжбүрлеп көшіруге болады.
Бұл талап бұрын да болғанымен, енді Конституцияда нақты бекіді.
Жалға алушы ақы төлемесе, не істеу керек?
Сарапшылар пәтерді жалға беру кезінде міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасап, онда қос тараптың құқығы мен міндетін, шарт талабы бұзылса, не істеу керек екенін көрсетуді ұсынады.
Құрылыс кодексі күшіне енді
Жаңа құрылыс кодексі бойынша:
- әр тұрғын үй кешеніне құрылысты бақылауға арналған бірегей нөмір беріледі;
- құрылыс компаниясы мен мердігерлерді бақылау күшейеді;
- ғимараттың негізгі (капитал) конструкциясына берілетін кепілдік мерзімі 10 жылға дейін, қалған бөлігіне 5 жылға дейін ұзарады;
- сейсмикалық қауіпті міндетті түрде бағалау керек;
- тұрғындар ауданындағы құрылыс жобасын талқылауға қатыса алады.
Абаттандыру жүйесі жаңарды
Жаңа талап бойынша, жер үй иесі:
- үй маңындағы қоқысты тазалауға;
- арамшөп шабуға;
- жасыл желекті күтіп ұстауға;
- үйдің қасбеті мен қоршауын таза ұстауға;
- іргелес аумақты құрылыс қалдығы мен басқа да заттардан тазартуға міндетті.
Үй маңында қоқыс, арамшөп, құрылыс материалы немесе басқа да ретсіз жиналған зат анықталса, меншік иесі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы («Абаттандыру қағидаларын бұзу») бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
Абаттандыруға қатысты заңсыздық алғаш рет анықталса, ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайталанса, меншік иесіне 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Биыл бұл – 129 750 теңге.
Ипотека саласында өзгеріс бар ма?
Ипотека рәсімдеу әзірге өзгеріссіз қалды.
Қазір борыштық жүктеме коэффициенті бар. Демек, қарыз алушының барлық несиесі бойынша, ай сайын төлемінің жиынтығы оның табысының 50%-ынан аспауға тиіс.
Шілдеден бастап ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) алғашқы жарна көлеміне қарай белгіленеді деп жоспарланған:
- бастапқы жарна 30%-дан жоғары болса – ең көбі 20%;
- бастапқы жарна 30%-дан төмен болса – ең көбі 25%.
Алайда бұл өзгеріс келер жылға шегерілді.
Алда қарыз алушының ай сайынғы төлемін ғана емес, жалпы берешек көлемін де ескеретін борыш пен табыс коэффициентін енгізу жоспарланып отыр.
***
Тағы оқыңыз:
Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді?
