Алматыдағы үздік университеттің озық цифрлық технологиясы таныстырылды

ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да табысты жүзеге асып жатқан «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасының жұмыс барысымен танысып, ҚазҰУ аумағындағы соңғы технологиялармен жабдықталған орталықтарды аралады.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов премьер-министр орынбасары Асқар Жұмағалиевқа түрлі объектілер мен жағдайларды жедел басқару, бақылау және мониторинг жүргізудегі дербес және ұжымдық талдау жұмысы үшін арнайы ұйымдастырылған ҚазҰУ базасындағы Жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен таныстырды. Кездесу барысында Microsoft компаниясы университеттің заманауи ІТ-технологияларды дамыту мен кеңінен енгізудегі жұмысын жоғары бағалағандығы ерекше аталып өтті. Сонымен бірге қазіргі күні Microsoft ҚазҰУ-дың стратегиялық серіктесі бола отырып, университетте Microsoft Power BI бұлтты бизнес-талдау қызметін енгізіп жатқандығы айтылды.

Сапар барысында премьер-министр орынбасары СБИ «Алгоритм» және Samsung орталықтарын көріп, Ақпараттық технологиялар факультетінде орналасқан Kaspersky, Cisco, Hewlett-Packard зертханаларын аралады, факультеттің ғылыми бағыттарымен танысып шықты. Ақпараттық технология факультетінің басты мақсаты қарқынды дамып келе жатқан ұлттық экономиканың ІТ-секторы үшін әлемдік деңгейдегі жоғары білікті мамандарды дайындау.

Асқар Жұмағалиев ҚазҰУ аумағындағы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен  әл-Фараби кітапханасын аралады.