Смартфонға көп қарап, ноутбук пен компьютердің алдында ұзақ отыру адамның жұмысқа немесе оқуға зейін қоюына, психикасына кері әсер етеді деп ойлаймыз. Гаджетті көп қолданғанның кесірінен адамның дене бітімі бірден байқалмайтын өзгеріске де ұшырайды. Мәселен, телефонды тіреп, ұстайтын бөбектің саусағының қисаюы — скролиңге тәуелді екенін білдіреді.
Baribar.kz гаджеттер дененің басқа бөлігіне қалай әсер етіп жатқанын анықтады.
Телефонның әсерінен мойынға 27 килограм жүк түседі
Кейінгі ғылыми зерттеулер бойынша, смартфон мойынның қалыпты күйін өзгертіп, көздің көру қабілетін төмендетіп, қол мен бұлшық етті әлсіретеді. Осы мақаланы оқығанда басыңызды төмен салып отырсыз ба? Бұлай отыру қалпын мамандар бастың алға жылжуы немесе «техно-мойын» (tech neck) деп атайды. Телефонға қараған кезде мойын еңкейіп тұрса, мойынға, шамамен 27 келіге дейін жүк түседі. Бұл әдет үздіксіз қайталана берсе, омыртқа аралық дискілер зақымданып, буын мен бұлшық ет әлсірейді. Сонымен қатар өкпенің жұмысы нашарлауы мүмкін. Уақыт өте келе мойын бұзылысы адамның дене бітімін өзгертеді. Мамандардың айтуынша, жарты сағат сайын кемінде 20 минут экранға қарамай, көз бен мойынды демалту керек.
Ақылды сағатты шешпегеннен экзема пайда болады
Ұлыбританиядағы Корольдік дәрігерлер колледжінің мүшесі, дерматолог Жастин Хексталдың сөзіне қарағанда, телефонға телміріп отырудан бетке әжім ерте түсуі мүмкін. Алайда ол бұл тұжырымды дәлелдейтін сапалы ғылыми зерттеу әзір жоқ екенін айтты. Бұдан бөлек, ақылды сағатты тәулік бойы шешпейтін адамдарға ескерту жасады.
«Сағат тағылған жердің асты жылы әрі ылғал болады. Ашытқы тәрізді саңырауқұлақтар ылғалда тез көбейеді. Сондықтан тері тітіркеніп, тіпті экзема пайда болуы мүмкін. Өйткені сағатта никель, резеңке, латекс мен акрилаттар деп аталатын химиялық қосылыстар бар», — дейді дәрігер.
Көздің нашар көруіне не әсер етеді?
Кейінгі кезде көзі нашар көретін, көзәйнек немесе линза тағатын адамдардың саны артты. Профессор Доналд Мутти зерттеу кезінде ашық аспан астында, далада, саябақта көбірек уақыт өткізетін адамдардың көру қабілеті жақсы екенін байқаған. Ол көздің нашар көруіне тек телефон емес, далаға жиі шықпау, яғни күнделікті өмір салты да әсер ететінін айтты.
«Күндізгі жарық көздің тор қабығында дофаминнің бөлінуін арттырып, көздің дамуына әсер етеді. Сондықтан мәселе телефонда ғана емес, адамдардың гаджет әсерінен үйде көп уақыт өткізе бастағанында да жатыр», — дейді ол.
Қол бұлшық етінің әлсіреуі — денсаулыққа қатысты дабыл
Мектепте дене шынықтыру пәнінен емтихан тапсырғанда оң қол мен сол қолдың қысу күшін арнайы құрылғы арқылы анықтағаныңыз есіңізде ме? Кейінгі жылдары жастар арасында қолдың қысу күші төмендеп бара жатыр. Мамандар қолдың қысу күшін адамның жалпы денсаулығын бағалайтын маңызды көрсеткіш деп қарастырады. Кейде қолдың қысу күшін анықтау адамның мезгілінен бұрын қайтыс болуын алдын ала болжау үшін де қажет. Спортпен айналысып, музыка аспабында ойнап, тіпті қаламмен жазу жазып, сурет салу арқылы денсаулығымызды сақтап, дене мен қолдың күш-қуатын арттыруға болады.
***
Тағы оқыңыз:
Телефон қолдану, белдік тақпау: Астанада жол қауіпсіздігін AI бақылайды
