Еліміздің қай қалалары 5G желісіне ең бірінші болып қосылады?

2019 жылдың соңына дейін 5G республикалық маңызы бар үш ірі қалада іске қосылады. Бұл туралы Қазақстанда «бесінші буын» байланыс желісін енгізу мәселелері туралы кеңесте айтылды. Кеңесті ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин өткізді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңес барысында цифрлық экономика мен заттар интернетін (IoT) дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге жаңа технологияны енгізудің ықпалы талқыланды.

Премьер-министр берілетін деректер ағымының жылдамдығы мен олардың өткізу қабілетін арттыру тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды іске асыруда телемедицинаны дамыту, Smart City компонентерін енгізу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру, тағы басқа тұрғысынан салмақты серпін беретінін баяндады.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария және Эстониямен бірге жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді.

Ел аумағын 5G желісімен қамту үшін инфрақұрылым жасау жұмысы аясында осы жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Шымкентте пилот жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы, 5G байланыс желісімен адамдарының саны 50 мыңнан асатын барлық елді мекен қамтылады деген жоспар бар, — делінген хабарламада.

Асқар Мамин Үкімет мүшелеріне Қазақстанда 5G-ді енгізу бойынша шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Айта кетейік, кеңеске ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев және тағы басқалар қатысты.