NASA-ның Perseverance ровері Марс бетінде бұрын-соңды анықталған ең күрделі органикалық көміртек қосылыстарын тапты.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық Қызыл ғаламшарда миллиардтаған жыл бұрын тіршілікке қолайлы орта болған деген болжамды күшейтеді. Алайда зерттеушілер әзірге Марста тіршілік болғанын дәлелдейтін нақты айғақ табылған жоқ екенін атап өтті. Baribar.kz зерттеу нәтижесіне шолу жасады.
Ғалымдар нені анықтады?
Perseverance ровері Марстағы Езеро кратеріндегі Неретва аңғарында Bright Angel жыныстарын зерттеген.
Арнайы SHERLOC құралы ультракүлгін лазердің көмегімен тау жыныстарының құрамын талдап, олардың бетінде макромолекула көміртегінің (Macromolecular Carbon, MMC) барын анықтаған.
Бұл – күрделі органикалық көміртек қосылыстарының бір түрі. Жер бетінде мұндай заттар тірі ағзалардың қалдықтарында кездеседі.
Бұл Марста тіршілік болғанын дәлелдей ме?
Жоқ.
Зерттеу авторлары мұндай қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтады.
Ғалымдардың түсіндіруінше, макромолекулалық көміртек тек тірі ағзалардың әсерінен ғана пайда болмайды. Ол тау жыныстары мен судың химиялық әрекеттесуі немесе ғарыштан құлаған метеориттердің ықпалымен де түзілуі мүмкін.
Аризонадағы Планета ғылым институтының зерттеушісі Эшли Мерфидің айтуынша, бұл заттың шығу тегін бір ғана фактормен байланыстыру мүмкін емес.
«Макромолекулалық көміртек микробтық қабаттар мен қазба органикалық заттардан пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар ол тау жыныстары мен судың химиялық реакциялары нәтижесінде де түзіледі немесе метеориттер арқылы келуі ықтимал», – дейді ғалым Эшли Мерфи.
Бұл жаңалықтың маңызы
Ғалымдар Bright Angel аймағына бұған дейін де назар аударған.
2024 жылы дәл осы жерде Perseverance ровері Жердегі қазба микроағзалардың іздеріне ұқсас ерекше дақтар мен түйіршіктерді анықтаған еді.
Ал жаңа зерттеу сол жыныстардың құрамында күрделі органикалық көміртектің барын көрсетті.
Бұған дейін NASA-ның Curiosity ровері де Марстағы Гейл кратерінен органикалық қосылыстары бар жыныстарды анықтаған.
Ғалымдардың айтуынша, екі түрлі өңірден осындай заттардың табылуы миллиардтаған жыл бұрын Марстың көптеген бөлігінде тіршілікке қолайлы жағдай болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Нақты жауапты қашан білеміз?
Perseverance роверіндегі ғылыми құралдар көміртектің нақты қалай пайда болғанын анықтай алмайды.
Сондықтан ғалымдардың пікірінше, нақты қорытынды жасау үшін Марстан алынған жыныс үлгілерін Жерге жеткізіп, заманауи зертханаларда зерттеуі керек.
NASA мұндай миссияны жоспарлағанымен, жоба кейінге шегерілді. Қазір агенттік Марс үлгілерін Жерге жеткізу бағдарламасының жаңа нұсқасын әзірлеп жатыр. Ал Қытай Марстан жиналған алғашқы үлгілерді 2031 жылы Жерге жеткізуді жоспарлап отыр.
