Тұңғыш рейспен Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып келген FlyArystan ұшағын Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында блогерлер, вайнерлер мен журналистер күтіп алды. Компанияның алғашқы жолаушыларының бірі — фотограф Руслан Тағаев лоукостердегі сервис туралы айтты.

Ұшақта бизнес-класс жоқ, бірден қарапайым орындар басталады. Тегін тамақ берілмейді. Бірақ бортта су, бутерброд, салатты орташа бағамен сатып алуға болады. Басқа әуе компанияларының ұшақтарынан ешқандай айырмашылық көрмедім. FlyArystan маған Air Astana-ның ұшағымен ұшқандай әсер қалдырды, — дейді фотограф Руслан Тағаев.

FlyArystan лоукостері Алматы, Нұр-Cұлтан, Тараз, Қарағанды, Шымкент, Орал және Павлодарға ұшады. Компания қызметкерлерінің айтуынша, билеттің арзан болуы қауіпсіздік стандарттарының өзгеруіне әсер етпейді. Ол жолаушының отыратын орны мен қол жүгіне ғана ақы төлеуіне байланысты.

29 наурыздан бастап 50 мыңдай билет сатылды. Оның 85%-ы — қол жүгімен ғана шығатын жолаушылар. FlyArystan-ның негізгі көздегені де сол — қарапайым халықтың Қазақстанның ішінде тиімді бағамен ұша алуы. Бұл 2-3 күн бойы пойызбен жол жүретіндерге тиімді. Алматы — Тараз бағыты бойынша билеттер 4000 теңгеден, ал Нұр-Сұлтан — Алматы бағыты бойынша 7000 теңгеден басталады. Бұл — тек жолаушының орны мен қол жүгіне кететін шығын. Жүкке, тамаққа және тағы басқа қызметтерге жолаушының қалауынша, төлем қосымша жүреді. Осылайша жолаушылар қаражатын үнемдей алады. Биылғы жоспар бойынша 700 мың адам тасымалдауды көздеп отырмыз. — дейді FlyArystan әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауова.

FlyArystan ұшағы
Фото: ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі

FlyArystan ұшақ рейстеріндегі орын саны — 180. Жолаушылар ұшаққа дейін жаяу жетеді. Жолаушы жүгіне, тамағына қосымша ақша төлейді. Ол үшін бортта арнайы меню бар. Онда сусын мен түрлі бутербродты қолжетімді бағамен сатып аласыз. Тамақтан бөлек бортта жамылғы, жұмсақ ойыншық, рюкзак пен кепка да сатылады. Мысалы, шай, кофе, шырын мен шоколадтың бірнеше түрі 300 теңге тұрады. Бутербродты 1000 теңгеге, жамылғы мен жұмсақ ойыншықты 3500 теңгеге сатып алуға болады. Тамаққа билетті аларда тапсырыс бересіз немесе бортта қолма-қол ақша төлеп аласыз.

Әуе компаниясы рейсінің салтанатты түрде ашылуына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Индустриялар және даму министрі Роман Скляр және Air Astana президенті Питер Фостер қатысты. FlyАrystan — Air Astana әуе компаниясының бөлімшесі. Питер Фостердің айтуынша, Қазақстан — Орталық Азия бойынша лоукостер шығарып отырған алғашқы ел.

Ахметжан Есімов және Питер Фостер
Фото: ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі

Алты ай бұрын Елбасы Қазақстанның өз лоукостерін шығаруды тапсырған еді. Осы уақыт ішінде біраз жұмыс атқарылды. Біздің акционеріміз «Cамұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына және әуе компаниясының барлық қызметкеріне алғысымды білдіремін. Әзірше FlyArystan лоукостері ішкі рейстермен ұшады. Халықаралық рейстерді ашу жоспарда бар. Ең бірінші ТМД елдерін қарастырмақпыз, — деді Air Astana президенті.

Компанияның Airbus A320 маркалы ұшағының шыққанына небәрі алты жыл. FlyArystan өкілдерінің айтуынша, бұл жанармайды үнемдеуге тиімді. FlyArystan әуе компаниясы 2022 жылы жолаушылар санын 4 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр.

Елімізде ұшақ қызметін пайдаланатындар қатары жыл сайын өсіп келеді. 2018 жылы жолаушылар саны 8 миллионға жетті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6%-ға көп. Әлемде қызметі арзан лоукостерлердің қатары күн сайын көбейіп жатыр. Олардың шығыны классикалық әуе компанияларының шығынынан әлдеқайда аз болып, алда келеді. Біз мұндай бәсекеден қалыспауымыз керек. Бәріңізді FlyArystan лоукостерінің ашылуымен құттықтаймын. Халықтың игілігіне жарасын, — деді Индустриялар және даму министрі Роман Скляр.

1 мамыр күні отандық лоукостер Нұр-Сұлтаннан Алматыға және Алматыдан Таразға да рейстер орындады.

Советхан мен Шәкірбану Тоқтамысовтар немерелерімен бірге Алматыға Балғынбек Имашевтің концертіне бару үшін FlyАrystan-ға билет алған.

Біз ұшаққа көп отырмаймыз. Алматыға концертке баратын болған соң FlyArystan-ға билет алдық. Себебі басқа әуе компанияларынан арзан. Бұл өте тиімді деп есептеймін, көңілімізден шықты. Немерелеріміз де өздерін жайлы сезінді, қорықпады. Тамақты қалауыңша сатып алуға болатыны қуантады. Ұшақ ойдағыдай қонып, діттеген жерімізге аман-есен жетсек, біз үшін ең бастысы — осы, — деді Советхан Тоқтамысов.

Ал Хана Әлиева қызымен бірге Алматыға қыдырып келіпті. Жаңа әуе компаниясының алғашқы рейсімен ұшқанына өте қуанышты.

Дәл осындай әуе компаниясының жұмыс істеуін халық біраз күтті деп ойлаймын. Себебі ішкі сапарларға билеттер арзан тарифпен сатылуы керек. Біз қызымыз екеуіміз Алматыға жақындарымызға келе жатырмыз. FlyArystan-ның билетін онлайн сатып алдық. Есесіне жүкке, тамаққа, газет-журналға кететін қаражатты үнемдедік. Ұшақтағы ас мәзірінде комбо бары ұнады. Тамақ пен сусынды бірге алған ыңғайлы ғой. Алты күннен кейін дәл осы компаниямен Нұр-Сұлтанға қайтамыз. Енді FlyArystan-мен Қазақстанды ғана емес, әлемді де араласақ деген тілегіміз бар. Халықаралық рейстердің тезірек шыққанын қалаймыз, — деді Хана Әлиева.