2 шілде — Қазақстанның халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні. Ол 1942 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Ақынның балладалары мен поэмалары дүниежүзі халықтарының 20-дан астам тіліне аударылған. Ақын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, республикалық Жалын журналының бас редакторы, КСРО халық депутаты, КСРО жоғарғы кеңесінің мүшесі, Қазақстанның халық депутаты болған. Мұхтар Шаханов биыл 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Baribar.kz Мұхтар Шахановтың өмірінің әр кезеңінде айтқан ой-пікірі мен өлеңдерінің үзіндісін ұсынып отыр.
* * *
Рухани байлығы жоқ ел – тек сыртқы жылтыраққа алданып, өз негізінен ажыраған ел. Ұлттың рухани деңгейін өлшейтін басты нәрсе – оның әдебиеті мен мәдениеті.
* * *
Мен байлықтан ғана емес, атақ-абыройдан да бас тарттым. Кезінде маған «Халық қаһарманы» атағын бермекші болды. Алмадым. Себебі Отан – ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуге тиіс. Бір тараптан Отан да өзінің дараланған ұлдарын марапаттап отыруы шарт, бірақ ол өте әділетті болуы керек. Қазір кез келген түрмеде шіруге тиіс «ұрының» үш орден, бес медалі бар. Ал өзге шет мемлекеттер беріп жатса, аламын. Күні бүгінге дейін мені 25-ке жуық мемлекет өзінің түрлі сыйлығымен марапаттады. Егер солардың бәрін өзгелердей жарқыратып тағып шығатын болсам, мына киіп отырған костюмімнің алды түгілі арқасында да орын қалмас еді.


* * *
Сөзі мен ісіне айырма салғандар – шындығын жоғалтып алғандар.
* * *
…Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні.
Даңққа мойын созғанымен, том-том өлең жазғанымен,
Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі!
Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны?
Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады.
Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш,
Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш»…
* * *
Тіл – әр ұлттың жаны мен рухы. Тілінен айырылған халық – рухынан айырылған халық.
* * *
Қай тілде қайнап, қай тілде ойлап,
Қай тілмен ақса перзенттік түйсік, өрісің,
Сол тілдің үні, сол тілдің қайраткерісің!
* * *
Тарихың тұр санаңа өткел тастап,
Өз тіліңде ойлау, сөйлеу тоқтаған сәттен бастап
Бүкіл баба рухымен ұлттық, гендік-ақпараттық байланысың кесілер.
Тағдырыңнан атамұра шамын солай өшірер.


Егер саған біреу «мен өз анамды емес, өзгенің анасын сүйемін» десе, оның жалған айтып тұрғанына бірден көз жеткізер едің. Ал туған анасын тәрк ету, тіпті оған ашық түрде тас лақтыру, яғни космополиттік бағыт ұстану біздің елімізде кең өріс алған. Библияда да «возлюби ближнего» деген ұлағатты сөз тегіннен-тегін айтылмаған. Олай болса, әрбір ұлттың ең негізгі анасы – туған тілі. «Тілді үйрен» деген бізде қазір шай үстінде ғана айтылады. Сондықтан шай үстіндегі әңгіме тез ұмытылады.
* * *
Біз қазақстандық ұлтқа айналып қойдық. Ал қазақстандық ұлт өзінің бастауын америкалық ұлттан алады. Мұны талай айттық. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Төлқұжаттан қазақ дегенді де алып тастамақшы болды ғой. Соған қарсы қаншама адамды ұйымдастырдық. Ашығын айтсам, өзім ұйымдастырдым. Наразы хаттың мәтінін өзім жазып, көп адамға қол қойдырдым. Соның арқасында билік аяғын тартты. Оның да арты сиырқұйымшақтанып кетті. «Ұлтын жаздырамын десе де, жаздырмаймын десе де, өзі біледі» деп бұрмалап жіберді. Қазақ халқын тікелей жоюға апаратын — осы қазақстандық ұлт.
* * *
2009 жылы Мұхтар Шаханов пен әдебиет, өнер, ғылым және зиялы қауым өкілдері Ә.Нұрпейісов, М.Әлімбаев, А.Әшімов, М.Мырзахметов, Ғ.Қабышұлы, Т.Кәкішев, К.Ормантаев, Г.Бельгер, Ш.Елеукенов, Д.Исабеков, Н.Нүсіпжанов, С.Сматаев, т.б. бастап, қоғамдық ұйымдар, партия жетекшілері қостап, қол қойған ашық хаттан үзінді:
«Біз ешқашан да өз ұлтымызды өзге ұлттардан биік қойған емеспіз. Республикамызда өмір сүріп жатқан барлық этнос тілінің, салт-санасының, рухани құндылықтарының сақталуын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықылас-ниетіміз ешқашан өзгермейді. Әрине, еліміздегі әр ұлт өкілінің тілі мен рухы үлкен ауқымда қанат қағар өз түпкі Отаны бар. Орыстардікі — Ресей, өзбектердікі — Өзбекстан, немістердікі — Германия, украиндардікі — Украина, тәжіктердікі — Тәжікстан… Сонда басқа Отаны жоқ, өз ата-бабасының жерінде «ел бірлігі» («қазақстандық ұлт») арқылы көп этностың біріне айналып, тілі, рухы жойылса, қазақ халқының болашағы қалай болмақ?».
* * *
Шыншыл рух дарынынан құлқын озған заманда
Тамырсыздық үлкен қауіп тудырады қоғамға…
* * *
Зиялы кім, зиянды кім? Бұл — күрделі сын-сұрақ.
* * *
Бала жүрегі кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында үнемі сол кілт жүруі керек.


Бақыт – өте күрделі ұғымның бірі. Біреулер тоя тамақ ішсе де, өзін бақытты санайды. Ал мен ұлтым бақытты болса ғана өзімді бақыттымын деп айта аламын. Ұлттық мүдде төменге құлдыраған сайын санамды бақытсыздық билейді.
* * *
Махаббат дегеніміз — екі парасатты пайымды адамның сана биігінде жолығуы. Жалпы, махаббатты Еверест шыңына теңесек, сол Еверест шыңына шыққан адамдар әлемде саусақпен санарлық қана. Жұрттың бәрі үйленіп, бала туып жатады. Соның бәрін біз махаббатқа телиміз. Ақылсыз адамдарда, санасыз адамдарда, рухсыз адамдарда шынайы махаббат болмайды. Махаббат шын мәнінде ұлы тұлғаларда ғана кездеседі.

Жаңа қазақ, шала қазақ, жас інім,
Алшысынан тұрды бүгін асығың.
Саған қарап ойландым да жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын,
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың…
* * *
Бұлақ өмір сүргенімен құрақсыз,
Сезім өмір сүре алар ма мұратсыз?
Жүрегінде ерлігі жоқ адамның,
Барлығы да махаббатқа тұрақсыз.
* * *
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп,
Әйелдерге немқұрайды қарайтын
Еркектерді санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы — мұз.
Әйел — біздің әзиз байлық қорымыз.
Әйел — біздің тағдырымыз.
* * *
Амалың не, тасты соқпақ кештің бе?!
Амалың не, жанбай жатып өштің бе?!
Тек басыңды жоғары ұста өлсең де,
Тек өзіңді мүсіркетпе ешкімге!
* * *
Досын оққа қиған жанға,
Елін қию сөз боп па?
Дос көңілін ұсынғанның бәрінен
Достық шыға бермейтінін ұмытпа!
* * *
Жағымпаздық бұл заманда басты өнер.
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.


Әр сөзін жағымпаздық жібімен сабақтайтын,
Басшысын құдайға жеткізе мадақтайтын.
Қарттар тым көбейді рухани діңгегін жойған,
Жағымпаздық бәйгесі бұл күнде ең басты майдан.
Бар пәлекет телеарнада, баспасөзде жатыр ма?
Ұлтсыз, рухсыз алаяқты балап нағыз батырға
Жиі-жиі мақтатсаңыз, жұрт сол мақтау сөзге еріп,
Алаяққа ой-пікірі шыға келер өзгеріп.
* * *
Материал Аbai.kz, Аkyldy.kz, Атырау газеті, Adyrna ресурстарында жарияланған материалдар, Kitap al Іnstagram пақаршасында жарияланған контент пен «Мұхтар Шахановтың әндері мен жұрт жатқа айтып жүрген жырлары» деген кітап негізінде әзірленді.
