Киберспорт бойынша WESG халықаралық чемпионатында Қазақстанның білікті ойыншылары бақ сынасып, 5 миллион 500 мың теңге көлеміндегі жүлдені бөліп алды. Енді жеңімпаздар келесі жылдың көктемінде әлемдік аренада ойнап, сыйлық қоры 5 миллион 500 мың доллар болатын жүлдеге таласады.

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Чемптонаттың салтанатты ашлуына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Qazaq Cybersport Federation президенті Қуанышбек Есекеев қатысты.

Qazaq Cybersport Federation-ді құрғалы бұл — біздің тұңғыш Халықаралық сайыс. Осы турнирдің жеңімпаздары Қытайда өтетін ірі чемпионатқа барады. «Цифрлық Қазақстан» жобасының аясында дамып жатқан біздің ел үшін бұл —  үлкен қадам. Себебі киберспорт әлемде жүйелікке ие болып, қарқынды дамып келе жатыр. Меніңше, киберспортпен айналысатын жас ұрпақ оның маңызын түсініп, болашақта үлкен мағынаға ие болатынын аңғарды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл сайысқа қатысушылар — спорт пен жаңа технологиялардың тоғысқан жерінде пайда болған киберспортшылардың жаңа буын өкілдері. Олар тек Қазақстанда емес, әлемдік аренада танылуы мүмкін. 2018 жылдың маусымынан бастап киберспорт Қазақстанда ресми түрде спорт түрі ретінде бекітілді. Ендеше, еліміздің жақын арада электрондық спорттың орталығы атануына барлық мүмкіндігі бар.

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мұның бәрі — Елбасының жолдауына сай жүріп жатқан жастар арасындағы келелі шаралар. Қазір цифрлық технологиялар заманы. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жастарды заманауи технологияларға бүгіннен бастап бейімдеп, олардың дамуына барлық жағдай жасауымыз керек, — дейді Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Финалда түрлі дисциплина бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлық және Қытайда өтетін чемпионатқа жолдама алды.

CounterStrikeGlobal Offensive дисциплинасы бойынша: К23

Dota2 дисциплинасы бойынша: Patriot

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бұл екі басты дисциплинаның жеңімпаздары 1,5 миллион теңге сертифинкатымен марапатталды. Ал Dota2-де екінші орын иеленген Se7en eSport пен Counter-Strike-тан екінші болған Montegos командасы 500 мың теңгеден алды.

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мұндай ауқымды сайыстың өткеніне қуаныштымын. Киберспорттың болашағы зор. Қазақстанда талантты ойыншылар өте көп. Финалға жету үшін көптеген күшті бәсекелеспен ойнадық. Бүгінгі қарсыласымыз Montegos командасында да дарынды киберспортшылар жиналған. Осы турнирге дайындығымыз шамалы болды. Бірақ Қытайдағы жарысқа барымызды салып жаттығамыз, — дейді К23 командасының мүшесі Абай Хасенов.

Киберспорт
К23 командасы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Басқа дисциплиналар бойынша жеңімпаздар 200 мың теңгеден, ал екінші орын иеленгендердің әрқайсы 50 мың теңгеден ұтты.

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

PES 2019 дисциплинасы бойынша: Abdulkin

Hearthstone дисциплинасы бойынша: Cagey

StarCraft2 дисциплинасы бойынша: Replicant

Турнирде қатысушылар ғана емес, оларды қолдауға келген көрермендер де Open by HP ұйымдастырған кішігірім жарыстарға қатысып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар чемпионат басталмастан бұрын кім жеңімпаз болатынына дұрыс болжам жасаған көрермендерге демеушілер сыйлықтар табыстады. Ойындар арасында жеңімпаздармен кездесу және автограф-сессиялар болды. Жанкүйерлер қызықтырған сұрақтарын қойып, сүйікті ойыншыларымен суретке түсті.

Киберспорт
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Чемпионаттың салтанатты марапаттау кешіне EQ, Ziruza, Newton сияқты Q-pop орындаушылары өнер көрсетіп, турнирді аяқтады.