Алматы Еуропаның ақылды қалалар форумының ең жоғары марапатына ие болды

Алматы Люблянада өткен ақылды қалалардың Smart city-2018 еуропалық форумында көлік жүйесін кешенді реформалау бойынша бірінші орынды иеленді. Әлемдегі ең үздік 50 тәжірибе мен инновациялық жобаның финалдық үштігіне Түркия астанасы «Анкара парк» туристік жобасымен және Хорватияның Загребі «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» бағдарламасымен енді.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, конкурс комитеті Алматының қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығына цифрлық технологияны пайдалануы, оның әртүрлігі мен қолжетімділігі, сарапшылар мен бизнестің қатысуы, МЖӘ механизмінің ұтымды қолданылуы, экологияны жақсартуға басымдылық беруі сияқты басты критерийлерді атап өтті. Биыл қалада автобус парктерін жаңарту деңгейі 80%-ға жетеді. Жеке инвестиция есебінен үшінші буындағы электробустар шығаратын автобус паркі мен зауыт салынды. Электробустарды қала бағыттары бойынша жүргізу мегаполис экологиясына оң әсер етеді.

Алматы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Елімізде алғаш рет BRT жүйесі іске асты, қоғамдық көлік үшін 110 шақырым арнайы жолақтар жасалды, қаланың 10 орталық көшесіне біржақты көлік қозғалысы енгізілді, «Орбитадан» «Көкбазарға» дейін велодәліз жасақталды. Метроның екі бекетінің құрылысы жүріп жатыр, ол қаланы тыныш аудандармен және кейін қосылған елді мекендермен байланыстырады.

Қазіргі кезде Алматыдағы қоғамдық көлікте барлық транзакцияның 97%-ы қолма-қол ақшасыз жүзеге асады, GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматтық жүйесі жұмыс істеп жатыр, барлық автобусқа видеокамералар орнатылған, тасымалдаушыларды субсидиялауға қатысты жолаушылардын түскен шағым бойынша айыппұл салу жүйесі қолға алынды.

Қалада ЖКА-на қатысты фото-видеофиксация жүйесі жұмыс істейді, 709 қозғалыс жолағы бақылауға алынған, келер жылдан бастап бақылау нүктелері екі есе артады.

Алматы
Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Көлік жүйесін реформалауда қала басшылығы үздік халықаралық мамандармен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында қоғамдық көлік кеңістігі мен көшелерді модернизациялаумен айналысатын Gehl architects, «Тұрақты көлік» жобасы бойынша жұмыс істейтін БҰҰ даму бағдарламасы, көлік қозғалысының кешенді сызбасын жасайтын «A+S Транспроект», Systra компаниялары және Алматының мастержоспар концепциясын жасауға кіріскен канадалық-америкалық HATCH компаниясы бар.

Smart city форумы Люблянада 2011 жылдан бастап өтеді және Еуропа және Азия қалаларымен ынтымақтастықты нығайтуға, «Ақылды қалалар» цифрлық транформациясын бірігіп жүзеге асыруға бағытталған.