Астанадағы Tarlan Astana (LRT) желісінде теміржол бойындағы электр кабельдері өртеніп, пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Өртті төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері сөндірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Оқиға бүгін күндіз елордадағы «Бәйтерек» пен «Сығанақ» станцияларының арасындағы учаскеде болған. Қала тұрғындарының айтуынша, аталған бөліктен түтін шығып, осыған байланысты LRT пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетті.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Есіл ауданындағы LRT желісінде теміржол бойымен тартылған электр кабельдері жанған.
LRT мамандары электрмен жабдықтау жүйесін ажыратқаннан кейін, ТЖМ қызметкерлері Vario Carbon автономды арқалық өрт сөндіргішінің көмегімен бір шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Айта кетейік, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлік жүйесіне Tarlan Astana атауын беру туралы қаулыға қол қойған болатын.
